Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізде тағы бір мұнай өңдеу зауытын салу қажеттілігі туралы айтты, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Астанада Индустрияландыру күніне арналған жалпыұлттық телекөпір барысында 15 жобаның тұсауы кесілді. Атырау облысындағы хош иісті көмірсутектер өндіретін кешенді іске қосу барысында Мемлекет басшысы: "Дағдарыс кезеңінде, мұнай мен газ бағасының төмендеуі кезінде қайта өңдеу жағдайдан шығудың жолы болмақ. Біз мұны жасаймыз. Бізге жаңа мұнай өңдеу зауытын салу, жаңа өнімдерді көбірек шығару қажет", - деді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның төртінші мұнай өңдеу зауытын салудан бас тартқаны хабарланған еді. Бүгін салтанатты жағдайда "онлайн" режимінде еліміздің түрлі аймағында Индустрияландыру картасына енген 15 жоба іске қосылды. Атап айтқанда, титан құймалары мен балқымалары өндірісінің зауыты (ШҚО), алтын өндіруші фабрика (Қарағанды облысы), Ақтөбе рельс-арқалық зауыты және тағы басқалар.
2014 жылы Индустрияландыру картасының барлығы 150 жаңа жобасы іске асырылды.
Дереккөз: tengrinews.kz