Бүгін Алматыда тұрғындар мен қоғамдық белсенділер 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы құрбандарын еске алу рәсімін өткізіп, ас берді.
Желтоқсан оқиғасы құрбандары құрметіне тұрғызылған "Бостандық таңы" ескерткіші маңына жиналған ондаған адамдар ескерткішке гүл қойды. Жиналғандар 1986 жылы 17 желтоқсанда сол кездегі Брежнев алаңына [қазіргі Республика алаңы - ред.] шыққан қазақ жастары айтқан, кейін сөзі өзгертіліп Қазақстан гимніне айналған "Менің Қазақстаным" әнін шырқады. Жиналғандар сол оқиға салдарынан қаза тапқан Ләззат Асанова, Ербол Cыпатаев, Сәбира Мұхамеджанова және Қайрат Рысқұлбековке Құран бағыштады.
Желтоқсан құрбандарын еске алу рәсімін полиция бақылап тұрды. Көше қиылысында тұрған ескерткіш маңына адам жиналғандықтан көлік қозғалысы да жартылай шектелді.
1986 жылы 16 желтоқсанда сол кездегі Қазақ ССР Компартиясы Орталық комитетінің шұғыл пленумы өтіп, бірінші хатшы Дінмұхаммед Қонаев қызметтен алынып, орнына Ресейдің Ульянов обкомының бірінші хатшысы қызметінде жүрген Геннадий Колбин тағайындалды. Алматыда қазақ жастары бұған наразылық танытып, 17-18 желтоқсан күндері Брежнев алаңына жиналды. Алайда қарулы әскер жиынды күшпен таратып, соңы басып-жаныштауға ұласты. Наразылық басқа да қалаларда болған.
Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін совет билігі көптеген адамды қуғын-сүргінге салды. 99 адам әртүрлі мерзімге сотталды не ату жазасына кесілді.
Бұл шеру Қазақстанның жаңа тарихына "Желтоқсан оқиғасы" деген атпен енді.
Дереккөз: Азаттық радиосы