Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен Қытай Халық Банкі Есеп айырысу мен төлемдерді ұйымдастыру туралы келісімді және Қазақстан теңгесі/Қытай юані валюталық свопы туралы келісімді жасады, деп хабарлайды BNews.kz.
Ұлттық банк баспасөз қызметінің хабарлауынша, келісімдерге Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцяннің Қазақстан Республикасына ресми сапары шеңберінде 2014 жылғы 14 желтоқсанда Астана қаласында екі мемлекеттің үкімет басшыларының қатысуымен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Қайрат Келімбетов және Қытай Халық Банкінің Төрағасы Чжоу Сяочуан қол қойды.
«Есеп айырысу мен төлемдерді ұйымдастыру туралы келісім Қазақстан мен Қытайдың резиденттері арасында шетел, сол сияқты ұлттық валюталарда екі елдің аумағында тауарларға, қызметтерге және басқа операциялар бойынша есеп айырысу мен төлемдерді жүзеге асыру мүмкіндігін көздейді. Келісімде ұлттық валюталарды география және операциялар аясы бойынша пайдалану саласын кеңейту, юань/теңге валюталық жұбымен сауданы ашу саласындағы ынтымақтастық көзделеді. Осылайша, бұл Келісім ұлттық валюталарды екіжақты есеп айырысуларда пайдалану саласын кеңейту үшін құқықтық негіз құрай алады», - делінген баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
Қазақстан теңгесі/Қытай юані валюталық свопы туралы келісім жалпы сомасы 7 млрд. юаньға/200 млрд. теңгеге жасалды. Бұл Келісімнің қаражаты екі ел арасында ұлттық валюталарда сауданы қаржыландыру үшін пайдаланылуы мүмкін. Келісім ашылуы туралы екі елдің орталық банктері уағдаласқан своп-желіні жаңартады.
Екі келісім де Қазақстан мен Қытайдың ұлттық валюталарында өзара сауданы және тікелей инвестицияларды дамыту үшін оңтайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
Дереккөз: bnews.kz
15 желтоқсан 2014, 09:30
Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.
Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.