Алматы ауыр атлетикадан өткен әлем чемпионаты дауға ұласты - сегіз бірдей спортшы допингпен ұсталды, - деп хабарлайды Vesti.kz спорт сайты Eluniversal.com порталына сілтеме жасап. Ауыр атлетика халықаралық федерациясының өкілінің мәліметінше, уақытша шектелген атлеттер арасында әлем біріншілігінде жеңіске жеткен екі спортшы бар - Солтүстік Корея өкілі Ким Ун Чжу мен албан Даниэль Годелли.
Порталда бірінші сынақта корей спортшысының қанында метилтестостерон стероид пен метандриол, ал Годеллидің қанында станозолол стероидтары табылғанын жазады.
Сонымен қатар, әлем чемпионатының күміс жүлдегері - Корей халықтық демократиялық республикасының споршысы Чжон Хва да күдік тудырып отыр. Оның қан құрамынан кленбутерол табылды. Албания атынан қатысқан екі ойыншы және Өзбекстаннан келген үш атлет тексеріліп жатыр. Оларға қатысты шешім "Б" сынағы жасалғаннан кейін шығады.
Айта кетейік, Ауыр атлетика халықаралық федерациясының ресми сайтында жаңалықтың жазылған уақытында Алматыдағы әлем чемпионатында допингке тексерісте оң нәтиже болмады. Толығырақ мына жерден оқи аласыздар.
Еске сала кетейік, Алматыда ауыр атлетикадан әлем чемпионаты 8-16 қараша аралығында Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында өтті. Қазақстан құрамасының еншісінде - үш алтын және екі күміс медаль жиналып, қазақстандық ауыратлеттер медальдар есебінде үшінші орыннан көрінді.
Дереккөз: tengrinews.kz