Қазақстанда ер адамдар әйелдерден 40 мың теңгеге көп табыс табады. Мұндай цифрларды бүгін Астанада "Тең мүмкіндіктер уақыты" конференциясының сыртында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары Светлана Жақыпова айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Ерлер мен әйелдердің мүмкіндіктері тең болуын қолдау үшін біз жүргізіп жатқан саясат туралы айтқым келеді. Еңбек заңнамасында көп нәрсе жасалды, біз баласы бар әйелдерге, жүкті әйелдерге ерекше жағдайларды, бүгінде өзекті болып тұрған еңбекақы төлеу мәселелерін қарастырамыз", - деді Жақыпова.
Оның айтуынша, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің 5 миллион 900 мың қатысушысының ішінде ер адамдардың саны - 3 миллион 83 мың, әйелдердің саны - 2 миллион 858 мың. "Бұл біздің ілесіп келе жатқанымызды көрсетеді. Орташа жалақы бойынша бізге әлі жұмыс істеу керек, іс-әрекет алаңы бар. Егер Қазақстанда ерлердің жалақысы 117 мың теңге болса, әйелдердікі - 80 мыңнан сәл көп. Бұл бағытта жұмыс істейтін боламыз", - деді министрдің орынбасары.
Ол "Еңбекпен қамтудың жол картасы - 2020" бағдарламасына 88 мыңға жуық қазақстандық әйелдің қатысқанын айтты. Оның 9289-ы шағын несие алған, 3000-нан астам әйел өз істерін ашты.
Жақыпова Қазақстандағы басшы әйелдерге қатысты өз көзқарасын білдірді. "Қандай да бір алалаушылықты байқамадым. Лауазымға табанды еңбекпен келдім. Әйелдер жемқорлыққа бейім бола бермейді деген пікірмен келісемін, бұл әйелдің мінез-құлқына байланысты деп ойлаймын", - деді ол.
Қазақстанда гендер мәселесінде алалаушылық жоқ екенін Әділет министрінің орынбасары Зәуреш Баймолдина да айтты. "Әйелдердің билікке келуіне ешқандай кедергі жоқ деп ойлаймын. Бәрі әйелдің өзіне байланысты. Оның жұмыс істеуге қаншалықты құлшынатынына немесе басқа мәселелерді шешумен қаншалықты айналысатынына байланысты. Бізде қашанда отбасын, балаларды, немерелерді таңдау керек пе, әлде екеуіне бірге қарайлау керек пе деген дилемма тұрады. Қалай болғанда да, мемлекеттік қызметпен айналыса жүріп, біз көп уақытымызды жұмысқа арнаймыз. Бірақ қандай да бір алалаушылықты, ерлерге бөлек жеңілдіктердің жасалып жатқанын көрген жоқпыз", - деді Баймолдина.
Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жетекшісінің орынбасары Қуаныш Жапақов әйелдердің қызметте этикалық заңсыздықтарға сирек баратынын айтты.
"Біз қандай да бір зерттеулерді әдейі жүргізген жоқпыз. Бірақ мен австралиялық әлеуметтанушылардың зерттеуін таптым, онда әлемде жемқорлықтың ерлердің ықпалынан өршіп тұрғаны айтылады. Мен келіскім келеді. Өйткені біздің қоғамда да отбасын асырау ерлердің мойнына жүктелген. Әйелдерге келсек, егер біз этикалық заңбұзушылықтар туралы айтсақ, жанжалдарда, түрлі қарым-қатынастарда әйелдердің мейлінше мұқият, демократияшыл екенін айту керек", - деді Жапақов.
Кадрлар мониторингіне сәйкес, мемлекеттік қызметте әйелдердің саны барлық қызметкерлердің 54,9 пайызына тең, саяси мемлекеттік қызметкерлер арасында олардың үлесі - 9,2 пайыз, "А" корпусы әкімшілік мемлекеттік қызметкерлерінің арасында - 15 пайыз, "Б" корпусында - 55,4 пайыз. "Бұл - 2014 жылдың тамыз айында болған оңтайландыруға дейінгі цифрлар, жылдың қорытындысы бойынша олар сәл түзетілетін болады", - деді Жапақов.
Дереккөз: tengrinews.kz