Кедендік бақылау комитетінің бұрынғы басшысы, сотталған Серік Баймағанбетов Қарағанды облысы АК-159/6 түзеу колониясының қызметкерлерінен соққы жеу және моральдық қысым көру туралы қылмыстық іс бойынша ресми түрде жәбірленуші деп танылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Сот-медициналық сараптамасы Серік Баймағанбетовтің денесінен соққы алу белгілерін көрсетпесе де, оның колония қызметкерлері қызметтерін асыра пайдаланды деп келтірген дәлелдері жоққа шығарылмады. Сондықтан ол жәбірленуші деп танылып, сот қаулысы шықты", - деп хабарлады осы қылмыстық істі тергеумен айналысып жатқан жедел-іздестіру тобының мамандары.
АК-159/6 колониясынан жәбірленуші болып шыққан Серік Баймағанбетов Қарағанды шетіндегі тергеу изоляторына ауыстырылды. "Толық тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда ешкімге қызметтерін асыра пайдаланды деген айып тағылған жоқ. Колония қызметкерлері мен ҚАЖК департаментінің мамандары күдікті әрі куәгерлер ретінде тергеліп жатыр. Іс екі оқиғаға байланысты жүріп жатыр, ол дене және моральды-психикалық қысым көрсету бойынша, Баймағанбетов жазған арызында осы оқиғаларды атап көрсеткен болатын, - оқиға 2013 жылдың қарашасы мен 2014 жылдың сәуірінде болған", - деп толықтырды жедел-іздестіру тобы.
Кедендік бақылау комитетінің бұрынғы басшысы Серік Баймағанбетовтің соққыға жығылғаны туралы ақпарат 25 тамызда пайда болды. Дене жарақаттарын алу туралы қылмыстық іс қозғалды. Кейін экс-шенеуніктің миы шайқалып, денесінде жара мен жараның орындары екені хабарланды. Ұрып-соғудан бөлек, Серік Баймағанбетов жеке заттарын тінту кезінде қорлық көргенін айтқан болатын. Айта кетейік, АК-159/6 түзеу колониясында бұрынғы полиция қызметкерлері, соттар мен прокурорлар жазасын өтеп жатыр.
Еске сала кетейік, 2013 жылы қаңтарда Серік Баймағанбетов 80 мың доллар көлемінде пара алып, лауазымын асыра пайдаланды деп айыпталған болатын. Оған 10 жыл бас бостағынан айырып, жазасын қатаң тәртіптегі колоняда өтеу жазасы кесілген болатын.
Дереккөз: tengrinews.kz