Қазақстанда үй кезегінде тұрған мемлекеттік қызметкерлердің бір бөлігі тізімнен шығарылады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жаңа "ҚР Тұрғын үй қатынастары туралы кейбір заңнамалық актілерге түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы "бюджеттік ұйым" ұғымын айқындап берді.
"Кезекте 300 мың адам тұр. Олардың көпшілігі мемлекеттік қызметкер ретінде кезекке тұрған. "Бюджеттік ұйым" деген ұғым ол кезде болмаған. Біз оны қазір бірінші рет енгізіп отырмыз. Егер біз бұл заңды және "бюджеттік ұйым" ұғымын қабылдайтын болсақ, бұл тізімге тек қазыналық және мемлекеттік мекемелер ғана кіреді, онда мемлекеттік қызметкер ретінде кезекке тұрғандардың бұл қызметкерлерге қатысы болмайды және оларды автоматты түрде кезектен шығарып тастауға тура келеді", - деді ҚР Парламентi Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетімен өзара байланыс жасау бөлімінің меңгерушісі Марат Уақбаев.
ҚР Үкіметінің заң жобасына байланысты тұжырымдамасында "мемлекеттік мекеменің барлығын бюджеттік ұйым ұғымына сыйғызу мемлекеттік мүлік және тұрғын үй қатынастары туралы заңдардың нормаларына қайшылық келтіреді. Сонымен қатар кезекте тұруы тиіс тұлғалардың тобын ұлғайта беру мемлекеттік шығынды көбейтеді. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің қаржылық жағдайын басқаруға шаруашылық құқық беру, жеке кіріс есебінен тұрғын үймен қамту мәселесін шешуге көмектеседі" делінген.
Осыған байланысты сенатор Владимир Редкокашин ұсыныс айтты. "Онда біз былай келісейік, бұл заң тап қазір кезекте тұрған адамдарға, ол бір Астана қаласында 1000 адамнан жоғары, қатысты болмасын. Яғни бұл заң қабылданған соң кезекте тұрған азаматтар кезектегі өз орындарын сақтап қалсын", - деді ол заң жобасына қатысты баяндама жасап тұрған ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаевқа.
Өскенбаев Сенат бұл түзетуді енгізетін болса, Экономика министрлігі қайта қарауға дайын деп жауап берді.
Алайда өзге депутаттар Үкіметтің бұл мәселені бұған дейін қарамай, заң жобасына кіргізбегені үшін наразылық білдірді. "Біздің заңды қарап талқылау конституциялық мерзіміміз ертең аяқталады!", - деді сенатор Михаил Бортник. Ақырында депутаттар мен Үкімет өкілдері заң жобасына қатысты жұмысты түскі үзілістен кейін жалғастыруға келісті.
Дереккөз: tengrinews.kz