WBA (Super), IBO және WBC (Interim) тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин мен ұлыбританиялық Мартин Мюррей алдағы кездесулері жайында ресми мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Vesti.kz.
Геннадий Головкин мен 32 жастағы ағылшын боксшы Лондонда өткен баспасөз мәслихатында жүзбе-жүз кездесті. Толығырақ мына жерден оқыңыздар. Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандық спортшы келесі кездесуін британдық Мартин Мюрреймен өткізеді деп хабарлаған болатынбыз. Промоутерлік компаниялар K2 Promotions пен Golden Gloves боксшылардың жекпе-жегі туралы келіссөздер жүргізіп те қойды. Жекпе-жек 2015 жылы 21 ақпанда Монакода өтеді.
Геннадий Головкин бұған дейін өзіне ең лайықты қарсылас ретінде ұлыбританиялық Мюррейді атаған болатын. "Мюррей - мықты жігіт, жақсы жеңістерге жеткен. Доменико Спада - ауыр қарсылас және жеңіп шығатындай стилі де қарапайым емес. Бірақ Мюррей өз жұмысын істеді және жеңді. Менің ойымша, Мюрреймен кездесу - біз үшін үздік жекпе-жек болады", - деді қазақстандық боксшы. Сонымен қатар, Геннадий Головкин кіші Хулио Сезар Чавеспен, Мигель Коттомен немесе Суаль "Канело" Альвареспен кездесу туралы келісу мүмкін болмағанын айтты, ал британ спортшысы келісімін берген.
Дереккөз: tengrinews.kz