Рубль құлдыраған сайын еліміздің Ресеймен шекаралас облыстарының тұрғындары көршілердің саудасын қыздыруда. Отандастарымыз Ресейден тұрмыстық техника мен азық -түлік тасыса, қалталы қазақстандықтар көлік пен жылжымайтын мүлікке дейін сатып алып жатыр. Өйткені ол жақта тауар құны 30-35 пайызға дейін арзандаған.
Юрий Әубәкіров күн сайын ғаламтордан Ресейдің жылжымайтын мүлік нарығындағы жадайды бақылап отырады. Көрші елден пәтер сатып алу оның байырғы арманы. Енді рубль құнының құлдырауына байлансыты соны орындаудың сәті келген сияқты.
Юрий Әубәкіров, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Қазір Омбыдағы және Петропавлдағы пәтерлердің құны теңесіп қалды. Көшейін деген ойым жоқ. Анамнан мұраға қалған басы артық пәтерімді сатып, көрші елден баспана алып қойсам деймін. Өз ойымша, мен осылай капиталды тиімді орналастырып отырмын.
Ал Гүлнар Мәдиева Ресейдің Омбы қаласынан сатып алған көлігіне мәз. Петропавлда мұндай көлік кемі 12-15 мың доллар тұрады. Ал ол көрші елден сол машинаны 8 мың долларға сатып алыпты.
Гүлнар Мәдиева, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Бүкіл Қазақстаннан Омбыға барып жатыр, машина алып жатыр. Бай қазақтар, қалталы, ақшасы бар кісілер барып сол жақтан алып жатыр. Жақсы, әрі арзан.
Қызылжарлықтардың таяқ тастам жердегі Ресейге ағылуы тегін емес. Биыл көктемде ғана рубль 5 теңге 38 тиыннан сатылып еді. Енді міне араға бес ай салып оның құны екі есеге дейін түсті. Кейбір тұрғындар көрші елге айлық алған сайын баратын болған.
Наталья Родина, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Әрине, бізге көрші елге барып керек-жарағымызды алған тиімді. Тек сол жақтағы бағалар өспесе деп отырмыз. Ай сайын жалақы алған күні келіп рубль сатып аламыз да, Ресейге жол тартамыз.
Әлемдік нарықта мұнай бағасының арзандауы мен Еуропа тарапынан қойылған түрлі санкциялардың рубльге әсер етпей қоймағаны анық. Ресей сарапшылары түрлі басылымдарға берген сұхбаттарында орыс ақшасына қатысты жаман да, жақсы да болжам жасаған. Оларға сенсек, екі жағдайда да бұл валютаның тағдыры тікелей Украинадағы ахуалға байланысты екен.
-Оптимистік болжам бойынша, екі ел арасындағы саяси ахуал жақсарса, рубльдің долларға шаққандағы бағамы 45-ке келіп тірелуі мүмкін. Ал егер пессимистік болжам орындалса, алдағы 2015 жылы рубль қазіргімен салыстырғанда тағы да 10-15 пайызға құлдырайтын болады.
Дереккөз: Baq.kz