Қазақстанда қазақтардың генетикалық тестін енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Ұлытау кешенді экспедициясының жетекшісі, Қазақстан ұлттық география қоғамы директорының орынбасары Сәулет Сәкенов айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ұлытауға арналған экспедиция туралы айта отырып, Сәкенов бұл өңірде генетикалық зерттеулер жобасын іске асыруға болатынын айтты.
"Ұлытауда ұйымдастыруға болатын келешек жобалар - генетикалық зерттеулер туралы. Қазір Назарбаев Университетінде осындай жоба қолға алынып, генетикалық зерттеулер жүріп жатыр. Мысалға, университеттің кез келген қызметкері кіріп, өзінің генетикалық ерекшеліктерін, шын мәнінде кім екенін біле алады. Біз Ұлытауға шақыру үшін бұл жоба командасымен сөйлестік. Олар келешекте Ұлытауға барып, генетикалық материал алуға ниет білдірді. Бұл жоба біздің көмегімізбен іске асырылуы мүмкін", - деді Сәкенов.
Оның айтуынша, бұл жоба бүкіл ел бойынша іске асырылатын болады, бірақ экспедиция мүшелері жоба авторларын алдымен Ұлытауға шақырып отыр.
"Ұлытаудағы генетикалық сараптамалар жөніндегі жоба біздің бай генофондымызды көрсету үшін қажет. Генетикалық сынамалар алынатын болады. Біз қазақтың генетикалық құрамын, қазақтың ішінде қандай халықтар бар екенін біліп, олардың генетикалық байланысын ажыратқымыз келеді. Қазақстанның орталықазиялық мәдениетке кірігуі тұрғысынан бұл - өте қызықты жоба. Егер жоба сәтті іске асса, оны жыл соңына қарай қорытындылауға болады", - деді ол.
Еске сала кетейік, Ұлытауға 2014 жылдың тамызында экспедиция жасалған болатын. Оның қорытындысы бойынша келешекте Google Maps жүйесіне енгізілетін Ұлытаудың карта-схемасы құрастырылды. Онда жергілікті елді мекендердің экономикалық және географиялық ерекшеліктері жинастырылып, Ұлытау ауданының тарихи нысандарының тізімі, өңірдің негізгі туризм нысандары көрсетілген туристік карта жасалды, жергілікті әкімдікпен өңірде экотуризмді дамытуға және қонақүйлер желісін дамыту мүмкіндігі жөнінде уағдаластықтарға қол жетті.
Дереккөз: tengrinews.kz