Фото: coollib.net
26 қараша күні Алматы уақыты 23.57-де оңтүстік астанаға жақын маңда жер сілкінісі болды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі ҚР БҒМ Ғылым комитеті Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясына сілтеме жасап хабарлайды.
"Жер сілкінісінің энергетикалық класы - 8,6. Магнитудасы - 4,2. Эпицентрдің координаттары: солтүстік кеңдіктің 43.09 градусы, шығыс ұзақтықтың 76.89 градусы. Тереңдігі - 10 шақырым. Оңтүстік астанада жер сілкінісі екі балл түрінде сезілді", - делінген some.kz сайтында.
Жер сілкінісінің эпицентрі Алматыдан оңтүстікке қарай 12 шақырымда анықталды.
Тербелісті қаланың жоғарғы бөлігінің тұрғындары сезінді. Куәгерлердің айтуынша, пәтерлерде ыдыс-аяқ салдырлап, ілініп тұрған заттар дірілдеген.
Еске сала кетейік, мұның алдында 14 қараша күні Қырғызстан аумағында магнитудасы 5,6-ға тең жер сілкінісі болған еді. Оның эпицентрі Алматыдан 106 шақырымда анықталды, оңтүстік астанада жерасты дүмпулері МSК-64 шкаласы бойынша 3-4 балл түрінде сезілді.
Дереккөз: tengrinews.kz