Атырау, 26 қараша 11:48
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Cерік Ахметов өзіне тағылған айыппен келіспейді

2 170 просмотра

Серік Ахметов аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген айыппен келіспейді. Tengrinews.kz тілшісіне бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тергеу-жедел тобындағы мәліметке қанық ақпарат көзіне сілтеме жасап. 

Тергеушілердің мәліметінше, Серік Ахметов өзіне айып тағылғаны туралы қаулымен танысып, оның көшірмесін алдым деп қол қойды, бірақ бюджет қаражатын жымқырды деген кінәні мойындамады. "Ол тергеу органының топ болып ақша жылыстату және жымқыру туралы нұсқасын тергеудің долбары деп есептейді. Ахметов ақша жымқыруға қатысқан жоқпын деп отыр. Ол заңсыз жасалған құжаттарға ешқашан қол қоймағанын және әрқашан өз жұмысын адал орындағанын айтты", - деп хабарлады тергеу тобының өкілдері. 

Еске сала кетейік, Серік Ахметов бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқырды деп айыпталып отыр. Тергеудің нұсқасы бойынша, тағылып отырған қылмысты ол Қарағанды облысының әкімі болып тұрған кезде жасаған. 18 қарашада оған "үй қамауына алу" бұлтартпау шарасы таңдалды. Ол Қарағанды мәдениет және демалыс орталық саябағы аумағында орналасқан зәулім үйде тұратындықтан, айдауыл оны сол мекенжайға жеткізді. 

Қазіргі уақытта ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тергеу департаменті оның ісімен бірге Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевке, Қарағандының экс-әкімі Мейрам Смағұловқа, "Металлургия-Металл өңдеу" Индустриялық паркі" арнайы экономикалық аймағының бұрынғы директоры Анатолий Ессеге, "Сарыарқа" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының және кейін "ҚазАгроҚаржы" АҚ басшысы болған Ғұмар Рахымжановқа және Қарағанды жер қатынастары бөлімінің бұрынғы бастығы Ернар Дәрібековке қатысты істерді де қарап жатыр. Олардың бәрі қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды және бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқырды деп айыпталып отыр.

Еске сала кетейік, Серік Ахметов Қарағанды облысының әкімі қызметінен 2011 жылы босатылды, содан кейін ҚР Премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалды. 2012 жылы Премьер-министр қызметіне кірісті. 2014 жылдың сәуірінде Серік Ахметов ҚР Қорғаныс министрі болып тағайындалып, 22 қазан күні бұл қызметтен өз еркімен кетті.

Дереккөз: tengrinews.kz

25 қараша 2014, 15:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.