Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «2015 - 2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңын қабылдады. Енді құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.
Еліміздің басты қаржы құжаты болып табылатын заң негізінен Елбасының «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» және «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» халыққа Жолдауларында айтылған тапсырмалар ескеріліп, 2015-2019 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дамудың түзетілген болжамына сәйкес әзірленген болатын.
Заңға сәйкес, түсімдер мен дефициттің жоспарланған көлемінен қарағанда бюджет шығыстарын 2015 жылы 7 855,1 млрд. теңгеден 2017 жылы 7 943,6 млрд. теңгеге дейін ұлғайту көзделіп отыр. Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің әлеуметтік саладағы жаңа міндеттеріне 2015 жылы 194,1 млрд. теңгеден 2017 жылы 599,7 млрд. теңгеге дейін бағаланып отыр. Сонымен қатар, бюджетте білім беру және ғылым саласының шығыстары 1 788,8 млрд. теңгені құрайды. Оның ішінде аталған саланы қаржыландыру биылға қарағанда 76,1 млрд. теңге немесе 16,6 пайызға өсіп, 2015 жылы - 535,8 млрд. теңге болады.
Денсаулық сақтау жүйесіндегі шығыстар 2 120,7 млрд. теңгені, оның ішінде биылғы жылмен салыстырғанда 54,8 млрд. теңге немесе 8,5 пайызға ұлғайып, 2015 жылы - 700,1 млрд. теңгені құрайды.
Бұдан бөлек, 2015 - 2017 жылдарда Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңін іске асыруға 232,9 млрд. теңге қарастырылады.
Дереккөз: ҚазАқпарат