Атырау, 3 қазан 20:31
 ашықВ Атырау +11
$ 483.23
€ 534.74
₽ 5.12

Н.Назарбаев Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовпен кездесті

5 349 просмотра

Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовпен кездесті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

«Біз Сізбен келіссөздер барысында екіжақты, өңірлік ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша қарым-қатынас түйткілдерін талқыладық. Өзбекстан Президентінің бүгінгі сапары күрделі жағдайда орын алып отыр. Біздің айналамыздағы қақтығыстар, Украинадағы қақтығыстар, ислам әлемінде болып жатқан оқиғалар бізді толғандырады. Біз жалпы өңірдегі тыныштық, тұрақтылық, сауда көлемі Қазақстан мен Өзбекстан ынтымақтастығының тиімділігіне байланысты екенін түсінеміз», - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Өзбекстанның өңірдегі жетекші экономикалық әріптесіміз екенін атап өтті.

«Менің ойымша, біздің елдеріміздің халқымыздың болашағы үшін тарихи жауапкершілігі бар. Өзбекстан өңірдегі жетекші мемлекет қана емес, біздің Орталық Азиядағы жетекші сауда-экономикалық әріптесіміз. Әлемдік экономикадағы кері тенденцияға қарамастан, біздің елдер арасындағы тауар айналымы өсіп келеді. 2012 жылғы біздің соңғы кездесуімізден кейін өткен жылы бұл көрсеткіш 2 млрд доллардан асты. Биылғы жылдың тоғыз айында да тауар айналымының өсімі байқалады. Бұл біздің кездесулердің нәтижесі деп білемін», - деді Н.Назарбаев.

Бұл ретте, Елбасының айтуынша, біздің елдер арасындағы экономикалық әлеует толық пайдаланылмай отыр.

«Тауар номенклатурасы үлкен емес. Сондықтан үкіметаралық комиссия осы бағытта жұмыс жасауы қажет. Бұл екі мемлекет үшін де тиімді», - деді Президент.

Дереккөз: bnews.kz

 

25 қараша 2014, 12:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.