Атырау, 26 қараша 11:58
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

"Қазақстан өнеркәсіп корпорациясы" басшысының орынбасары тұтқындалды

1 579 просмотра

"Қазақстан өнеркәсіп корпорациясы" ЖШС бас директорының орынбасары Әлжан Ақмолдаев тұтқындалып, АК 159/1 тергеу изоляторына қамалды. Ол Қарағандыдағы "Металлургия-Металл өңдеу" Индустриялық паркі инфрақұрылымы құрылысы кезінде бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқырды әрі талан-таражға салды деп айыпталып отыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі сот залынан. Мұның алдында Ақмолдаевтан ешқайда кетпеуі туралы қолхат алынған.

Прокуратураның мәліметінше, 2012 жылы "Металлургия-Металл өңдеу" Индустриялық паркі аумағында инфрақұрылымның, атап айтқанда, кәріз жүйелерінің құрылысы жүрген. Тергеудің мәліметінше, қосалқы мердігер - "Центрстрой-комплект НС" ЖШС чех жабдығын арзан жабдықпен ауыстырған. Мердігермен Индустриялық парктің бұрынғы директоры Анатолий Ессе мен Қарағанды облысының сол кездегі әкімі Серік Ахметов алдын ала сөз байласқан. 

Жабдықтың екі түрінің арасындағы 1 миллиард 200 миллион теңге көлеміндегі айырманы күдіктілер өзара иемденген. "Қазақстан өнеркәсіп корпорациясы" ЖШС бас директорының орынбасары Әлжан Ақмолдаев қылмысты жасыру үшін бюджет қаражатын жылыстатудың схемасын жасаған. 

"Айыпталушы Әлжан Ақмолдаев қаражат түсіп отыратын делдал фирмалар желісін құра отырып, қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырудың тетігін ойлап шығарған. Кейін айыпталушылар мен басқа да тұлғалар қаражатты иемденіп алған", - деді сотта прокуратура өкілі. Құқық қорғау органдары "Қазақстан өнеркәсіп корпорациясының" өкілі шекара асып кетеді деп қауіптенген. "Оның әйелі мен үш баласы АҚШ-та тұрып жатыр, олардың америкалық азаматтығы бар. Бұрынғы әйелі екі баласымен бірге Біріккен Араб Әмірліктерінде тұрады", - деді прокуратура өкілі. Содан кейін облыстық соттың алқасы "Қазақстан өнеркәсіп корпорациясы" басшысының орынбасарына тұтқындау түрінде бұлтартпау шарасын белгіледі. 

Қазіргі уақытта ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тергеу департаменті "Қазақстан өнеркәсіп корпорациясы" ЖШС басшылығына қатысты іспен бірге Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевке, Қарағандының экс-әкімі Мейрам Смағұловқа, "Металлургия-Металл өңдеу" Индустриялық паркі" арнайы экономикалық аймағының бұрынғы директоры Анатолий Ессеге, "Сарыарқа" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының және кейін "ҚазАгроҚаржы" АҚ басшысы болған Ғұмар Рахымжановқа, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Серік Ахметовке және Қарағанды жер қатынастары бөлімінің бұрынғы бастығы Ернар Дәрібековке қатысты істерді де қарап жатыр. Олардың бәрі қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды және бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқырды деп айыпталып отыр.

Дереккөз: Tengrinews.kz

24 қараша 2014, 17:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.