Чехия қазақстандықтарға виза беру процедурасын жеңілдетеді. Бұл туралы бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен келіссөздерден кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Чехия Президенті Милош Земан айтты.
«Визалық режімді жеңілдетуге қатысты айтар болсам, қазіргі уақытта біздің елшілік виза берудегі өз әлеуетін ұлғайтып отыр. Бұған қоса, бүгінде виза берудің аутсорсингі дайындалуда. Яғни, Қазақстанның бүкіл аумағында виза-пойнтс құрылатын болады. Бұл виза беру процедурасын айтарлықтай жеңілдетіп, жеделдетеді. Әрине, біздер қызметтік төлқұжаты бар тұлғаларға визаны толығымен алып тастау туралы да уағдаластыққа дайынбыз»,- деді М.Земан.
Чех Президентінің айтуынша, Қазақстан мен Еуроодақ басшылығы арасындағы уағдаластыққа сәйкес басқа да санаттағы тұлғалар үшін визалық режімнің жеңілдетілу мүмкіншілігі бар.
Дереккөз: ҚазАқпарат