© РИА Новости, Алексей НикольскийАСТАНА, 20 қар – Қазақстан жаңалықтары АА. Қазақстан үшін экономикаға бір мезгілде 20 миллиардтан астам доллар салу айтарлықтай нәтиже беруі тиіс, деп санайды Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, бейсенбіде индустрияландыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысы өтті. Жиынға сондай-ақ Премьер-Министр К.Мәсімов, Президенттің көмекшісі Е.Орынбаев, инвестиция және даму министрі Ә.Исекешев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Қ.Бишімбаев, «Қазақстанның индустрияны дамыту институты» АҚ басқарма А.Кұлсейітов және бірқатар халықаралық сарапшылар қатысты.
Қазақстан Президенті әлемдік нарық жүйесіндегі қиындықтарға назар аударды, соған байланысты отандық экономиканы дамыту амалдарын да қайта қараған жөн екендігін айтты.
– Біз Қазақстанды индустрияландырудың бірінші кезеңін аяқтадық. Оның барысында пайдалы тәжірибе жинақталды, кәсіпорындар салынып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл ретте белгілі бір табыстарға жеттік деп санаймын. Қазір бағдарлама қайта қаралды, келесі жылдан басталатын екінші бесжылдық инновацияға орайластырылатын болады, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Ресей мен Батыс елдері арасындағы текетіреске байланысты дағдарысты ахуал жағдайында Қазақстан сақтық шараларын қабылдауға шешім қабылдағанын атап өтті.
– Менің жаңа Жолдауымда экономика өсімін қамтамасыз етуге, жұмыс орындарын құруға қомақты мемлекеттік қаражат салу жайы қарастырылған. Бұл сондай-ақ елдің қаржылық жүйесін нығайтуға мүмкіндік беріп, шағын және орта бизнестің әрі қарай дамуына септігін тигізеді. Осы бағыттардың барлығы бойынша іс-қимыл бағдарламаларын белгілеп, қаржы ресурстарын бөлдік. Бұл қадамдарымызды бізбен өзара іс-қимыл туралы уағдаластыққа қол жеткізген әлемдік қаржы институттары қолдап отыр. Салыстырмалы түрде халқының саны аз Қазақстан үшін экономикаға бір мезгілде 20 миллиардтан астам доллар салу айтарлықтай нәтиже беруі тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы сыртқы экономикалық жағдайлардың да өзгергендігіне, отандық бизнеске соның аясында жұмыс істеуге тура келетініне тоқталды.
– Қазақстан Еуропалық одақпен кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы бойынша келіссөздерді аяқтады. Біз Дүниежүзілік сауда ұйымына кірудің соңғы сатысында тұрмыз. Келесі жылдан бастап Қазақстан, Ресей және Беларусьтің экономикалық одағы жұмысын бастайды. Біздің мақсатымыз тек қана прагматикалық болып саналады, өйткені Ресей – 7,5 шақырым ортақ шекарамыз бар ең басты серіктесіміз. Қазақстан құрлықтың ортасында орналасқандықтан, теңізге шығатын жолы жоқ. Сол себепті де кедендік кедергілерді жоятын, жүктерімізді сыртқы нарықтарға бөгетсіз шығаратын Кеден одағы біз үшін маңызды мәнге ие, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Халықаралық сарапшылар жаһандық экономикадағы соңғы үрдістер, дамыған және дамушы елдер саясатындағы жаңа трендтер жөніндегі пікірлерін ортаға салды, сондай-ақ Қазақстанды индустрияландырудың бірінші кезеңінің қорытындылары мен келесі кезеңінің перспективаларын байыптады.
Олар Қазақстанның халықаралық экономикадағы сын-қатерлерге сай дұрыс жолдар таба алатынына сенім білдірді, өйткені біздің елде қажетті тәжірибе және адам ресурсы бар. Сонымен қатар, жүргізіліп жатқан индустрияландыруды ескерсек, республикамыздың Қытай мен Ресей секілді алып нарықтар ортасында орналасуы келешектегі даму үшін зор мүмкіндіктер ашады.
Дереккөз: newskaz.kz