Өзбекстандағы мақта теру науқаны. (Көрнекі сурет). Австралиялық Walk Free Foundation (WFF) ұйымының 2014 жылға арналған жаңа есебі бойынша, Қазақстанда 61 мың 200 адам құлдыққа түскен. Құлдыққа түскендердің халық санына шаққандағы көрсеткіші бойынша Қазақстан 167 елдің арасында 0,359 пайызбен 93-орында тұр.
Ұйымның дерегінше, әлемде 35 миллионнан астам адам құлдықтың жаңа заманғы түрлерінің - мәжбүрлі еңбекке салу мен тұрмысқа беру, адам саудасы, жыныстық қанаудың құрбаны болып отыр.
Ұйым сарапшылары баяндаманы түзгенде 167 елді қамтыған. Олардың деректері бойынша, құлдыққа түскендердің 61 пайызы тек бес ел - Үндістан, Қытай, Пәкістан, Ресей және Өзбекстанның үлесіне тиеді. Мавритания құлдыққа түскендердің халық санына шаққандағы көрсеткіші бойынша бірінші орында тұр. Бұл ел халқының 4 пайызы құлдықта жүр. Екінші орынды 3,97 пайызбен Өзбекстан иеленген.
Баяндамада Өзбекстандағы жағдайдың нашарлауы бұл елде еңбекке мәжбүрлеп салу үкіметтің нұсқауымен жүзеге асатындығымен байланысты екені айтылған. Сарапшылар Өзбекстанның 30 миллионнан астам тұрғынының 1,2 миллионға жуығы жыл сайын мақта теру науқанында мәжбүрлі түрде еңбекке жұмылдырылатынын айтады.
Баяндамада Пәкістанда екі миллионнан астам адам, Ресейде бір миллионнан астам адам құлдық жағдайда өмір сүретіні көрсетілген.
Дереккөз: Азаттық радиосы