Алматы сән және дизайн колледжіндегі алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Алматы қалалық ішкі істер департаментіне сілтеме жасап. Бұған 17 қараша күні колледжде гранатаның жарылуы себеп болды.
"Алғашқы әскери дайындық жөніндегі пәннің мұғалімі ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 132-бабының тәртібі бойынша уақытша ұстау изоляторына қамалды. 1967 жылы туған К. деген азамат іс жүргізу тәртібімен жауап беріп жатыр. Тергеудің аясында жарылғыш заттың қайдан шыққаны мен нақты кімге тиесілі екені анықталатын болады", - деді ішкі істер қызметкерлері. Бұған дейін алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімінің 24 сағатқа ұсталғаны хабарланған еді. Төтенше оқиға дерегі бойынша "Абайсызда кісі өліміне әкеліп соқтыру" және "Қару-жарақты, оқ-дәріні, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, сату, сақтау, тасымалдау немесе ұстау" баптарымен қылмыстық іс қозғалды.
Еске сала кетейік, 17 қараша күні 08.40-та Алматы сән және дизайн колледжінің екінші қабатында алғашқы әскери дайындық сабағында граната жарылған еді. Төтенше оқиға салдарынан 16 жастағы студент қыз Светлана Яковлева қайтыс болды. 12 адам ауруханаға түсті, олардың бесеуіне операция жасалып, жансақтау бөліміне ауыстырылды. Алматы әкімі Ахметжан Есімов қайтыс болған студент қыздың отбасына және граната жарылысынан зардап шеккендердің бәріне материалдық көмек көрсетуге өкім етті.
Дереккөз: Tengrinews.kz