Әкімдіктердің берген шұғыл ақпараттарына сүйенсек, бүгінгі таңда еліміз бойынша 14,5 млн гектар аумақтағы немесе 96,5 пайыз дәнді-дақыл орылған. Бұл туралы бүгін Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағаты барысында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.
Ауыл шаруашылығы министрі әдеттегідей, алдымен биылғы жазда ауа райы құбылмалы болғанын, ол егін жинауда қиындық туғызғанын айтты.
«Биыл егін ору науқаны кезінде ауа райы қиындық туғызғаны белгілі. Жалпы, жаздың басы ыстық әрі құрғақ болды, ол енді дәнді-дақылдардың өсуіне кері әсерін тигізді. Маусым айының соңында басталған жаңбыр жаздың соңына дейін жауды десек болады. Еліміз бойынша егін егетін өңірлерде жауын тиісті мөлшерден көп түсті. Оның үстіне, жауын-шашын кезінде күн суық болды. Жаз мезгілінде шуақты күндердің аз болуы дәнді-дақылдардың өз уақытында пісіп-жетілуіне кедергі келтірді. Биылғы күз де жаңбырлы болып, егін жинауға кедергісін келтірді. Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында әлі күнге дейін егін жиналып жатыр, Ақмола облысында екі ауданның даладағы жұмыстары аяқталуға жақын, еліміздің қалған өңірлерінде диқандар егінді жинап бітті»,-деп мәлім етті министр.
Мамытбеков мәлім еткендей, қазір ел аумағы бойынша 14,5 млн гектардағы дәнді дақыл орылып біткен.
«Әкімдіктер берген шұғыл ақпаратқа сүйенсек, қазіргі таңда ел аумағы бойынша 14,5 млн гектар егін жиналып бітті. Бұл жиналу керек егіннің 96,5 пайызын құрайды. Әрбір гектардан 12,6 центнерден астық алынды. Елдің егін науасына 18,3 млн тонна бидай бастырылды. Майлы дәнді-дақылдар бүкіл егілген аумағының 64 пайызында, бақша дақылдары мен картоп бүкіл аумақтың 99,6 пайызынан жиналды. Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл көкөністер көп жиналды», - дейді министр.
Жалпы, Асылжан Мамытбековтің айтуынша, жоғарыда айтылған кедергілерге қарамастан, диқандарымыз егін оруда жаман көрсеткіш көрсетіп отырған жоқ. Бірақ, бұдан да жоғары көрсеткішке жетуге болар еді, дейді министр.
Дереккөз: bnews.kz
17 қараша 2014, 09:57
Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.
Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.