Нұрсұлтан Назарбаев күрең береттің иегері атанды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Әскери қалашық нысандарын қарау барысында Мемлекет басшысына озаттықтың ерекше белгісі - күрең берет пен "Бүркіт" арнайы мақсаттағы бөлімшесінің белгісі табыс етілді", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан Президенті Ұлттық ұлан жедел бригадасының әскери қалашығының салтанатты жағдайда ашылуына қатысты. Келешекте 2,5 мың әскериден тұратын бұл бригаданың міндеті - Астанада қоғамдық қауіпсіздік пен құқық тәртібін қамтамасыз ету.
"Википедияның" мәліметінше, күрең берет - бұрынғы КСРО аумағындағы мемлекеттердің әскери қызметшілері мен ішкі әскер арнайы мақсаттағы бөлімшелері қызметкерлерінің бас киімі. Ол - арнайы жасақ өкілі мақтанышының нышаны. Жеткілікті кәсіби, физикалық, моральдық қасиеттерге ие және біліктілік сынақтарынан сәтті өткен әскери қызметшілер мен ішкі әскер арнайы жасақтары қызметкерлеріне ғана күрең беретті кию құқығы беріледі. Оған қоса, күрең берет қызмет борышын орындау кезінде көрсеткен ерлік пен өжеттік үшін және арнайы мақсаттағы бөлімшелер мен бөлімдер ісін дамытудағы ерекше еңбегі үшін де берілуі мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Президентіне таэквондодан құрметті тоғызыншы дан дәрежесі берілген еді. Тоғызыншы дан тек "сасоннимдерге", яғни ұлы шеберлерге ғана беріледі. Бұл - таэквондодағы ең үлкен дәреже. Мұндай деңгейге жеткен адамдар әлемде санаулы-ақ. Ресей Президенті Владимир Путин - солардың бірі.
Дереккөз: Tengrinews.kz