Нұрсұлтан Назарбаев атышулы жемқорлық істерін еске сала отырып, шенеуніктерге қорытынды шығару керектігін мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен "Нұр Отан" партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.
"Менің тапсырмаммен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015 жылға арналған партиялық бағдарламасының жобасы дайындалды. Қолдарыңызда оның жобасы бар. Бізге іс істеу керек, көз алдарыңызда көп іс атқарылып жатыр. Жемқорлыққа қарсы аяусыз күрес жүріп жатыр, облыс әкімдері, министрлер мен олардың орынбасарлары жауапкершілікке тартылды. Сондықтан қорытынды шығару керек. Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы, жағдайы көтерілді, содан нәтиже шығару керек. Біз бұл жұмысты күшейтеміз", - деді Назарбаев.
Оның айтуынша, жемқорлыққа қарсы тиімді стратегия - партия көшбасшылығының тұрлаулы қағидасы. (...) Қазақстан ТМД елдері ішінде тұңғыш болып мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде заң қабылдады. Бізде арнайы өкілетті орган жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттік басқару жүйесін реформалау кезең-кезеңмен іске асырылып жатыр. Бүгінде парақорлық жағдайларын туғызатын мәселелерге мән беріліп отыр", - деді Назарбаев. Ол "Нұр Отанда" сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комитет бар екенін еске салды. Кеңейтілген отырыста жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының жобасы қабылданды.
Дереккөз: tengrinews.kz