Мамандар Ақмола облысының Калачи елді мекеніндегі радиациялық фонды өлшеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ұлттық ядролық орталық (ҰЯО) бас директорының радиоэкология жөніндегі орынбасары Сергей Лукашенкоға сілтеме жасап.
Елді мекенде жұмыс істеп жатқан ҰЯО бригадасы мамандары бұл жерде кеңес дәуірінде уран кені өндірілгеніне қарамастан, қазір радиация деңгейі нормадан аспайтынын анықтады. "Жағдай жөнінде толық мәлімет алу үшін әлі бірнеше өлшем бойынша дерекке қол жеткізу керек, бірақ радиациялық фонның қатысы жоқ деп, 99 пайыз сеніммен айтуға болады. Біздің мақсат - ауруға себеп болмайтын нұсқаларды тезірек жою", - деді Лукашенко.
Бұған дейін Орталыққа радиациялық фонды өлшеу, ауаға таралатын газ қалдықтарын есепке алатын стационарлық тұрақтарды орнату сияқты тармақтардан тұратын зерттеу бағдарламасын жасау жүктелгені хабарланған болатын. Лукашенконың айтуынша, әңгіме ауа құрамындағы көміртегі тотығы мен азотты және органикалық қосындыларды өлшеу турасында болып отыр. Бірақ, маманның айтуынша, ҰЯО-да мұндай тұрақтар жоқ, сол себепті мекеме басшылығы зерттеуге қажетті құралдарды сатып алуға кеңес берді.
Қыркүйек айының басында Калачи ауылында "ұйқышылдық ауруы" аталып кеткен этиологиясы беймәлім энцефалопатия жағдайлары қайтадан анықталған еді. 1 қыркүйектегі салтанатты жиыннан соң тоғыз оқушы әлсіреп қалып, дәрігерлерге көрінді, мұның алдында тағы жеті ересек адам ауруханаға қаралған.
Мұның алдында ҚР Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Тимур Жантикин бұл ауылда радонның шамадан тыс таралуы анықталмағанын, сол себепті оның "ұйқышылдық ауруының" себебі ретінде қаралмайтынын мәлімдеген еді. Ауылда радиациялық фонның нормадан асып кететіні туралы жорамалды тұрғындар айтқан болатын.
Дереккөз: Tengrinews.kz