Алматы облысындағы антитеррорлық жаттығу, 2011 жыл. (Көрнекі сурет)Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл шараларын күшейтуге бағытталған заңға қол қойды деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Бұл заң бойынша, енді Қазақстанда сот шешімімен террористік деп танылған ұйымдар бірден жабылатын болады. Ұйымды экстремистік немесе террористік деп тану процедуралары жеңілдетіледі.
Заңда террористік сипаттағы үгіттеу материалдарын таратқан интернет сайттары мен ақпарат құралдарын бұғаулау да қарастырылған. Сонымен бірге мемлекет экстремистік немесе террористік деп танылған ұйымның дүние-мүлкін тәркілейтін болады.
Заң бойынша, экстремистік немесе террористік қылмыстары үшін сотталып, жазаларын өтегендердің қаржылық операцияларына бақылау жүргізіледі. Шетелге шыққан қазақстандықтарға экстремистік және террористік ұйымдардың іс-әрекетіне қатысқаны үшін жауапқа тартылатыны туралы ескертіледі.
Дереккөз: Азаттық радиосы