Атырау, 26 қараша 07:46
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Мемлекеттік орган басшысы құжаттарға планшетпен қол қоя алатын болады

2 406 просмотра

Қазақстанда мемлекеттік орган басшысы құжаттарға кабинеттен тыс жерде планшетпен қол қоя алады. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"НИТ" АҚ демо-залында сенаторлардың қатысуымен электронды үкімет пен халыққа қызмет көрсету орталықтарын дамыту мәселелері жөнінде отырыс өтті.

"Мобильдік кеңсе - бұл біздің қолымыздағы күнделік, чат, пошта. Бүгінде 350 қолданушы-басшы жұмыс істейді. Ол бүгінде планшетті қолданып, хаттарға қол қоюға мүмкіндік береді. Жұмыс орнында болмай жатып, айталық, Парламентке немесе Үкіметке келе жатып, мемлекеттік қызметкер, басшы құжаттарға қол қоя алады", - деді Жұмағалиев. Бұл қызмет түрі пилоттық режимде жұмыс істеп тұр, 2015 жылы қолданысқа кеңінен енгізіледі.

Отырыста бұл бағдарламаны жасаушылар оның ерекшеліктерін түсіндірді. Олардың айтуынша, "Мобильдік жұмыс орны" - планшет құрылғыларына арналған мобильдік қосымша, түрлі операциялық жүйелермен жұмыс істейтін қосымша мемлекеттік орган басшылары мен қызметкерлері жұмысының шапшаңдығын арттыруға мүмкіндік береді. Онда пошта, күнтізбе, міндеттер, жылдам хабарламалар алмасу, құжат алмасу сияқты сервис түрлері бар.

"Бұл қосымшаны ақпарат алмасудағы ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру және оның сақталуы мен құпиялығын қамтамасыз ету үшін мынадай тетіктер іске асырылып, қолданылады: мәліметтердің құрылғыларда сақталу мүмкіндігін болдырмау; Интернет желісіне қосылмайтын қорғалған арнаны қолдану; мемлекеттік органдардың куәландырушы орталықтарымен ықпалдастық және смарт-карталарға жазылған электронды цифрлық қолтаңбаларды қолдану; отандық өндірушілер жасаған, Қазақстан аумағында қауіпсіздіктің үшінші деңгейі бойынша сертификатталған ақпаратты криптографиялық қорғауға арналған Beren бағдарламасын қолдану", - дейді министрлік өкілдері.

Ол тағы бір жаңалық туралы айтты. "Интернет-портал - бүгінде қалыптасқан тағы бір жүйе. Бұл порталда нормативтік-құқықтық құжаттарды, соның ішінде Үкімет қаулыларын келісіп алуға мүмкіндігіміз бар. Бір кездері менің өзім де мемлекеттік органда маман болып жұмыс істедім, сол кезде бір мемлекеттік органға келіп, әр звенодан тиісті виза алуға көп уақыт кететін. Қазір оны электронды түрде іске асыруға болады. Осылайша, орындаушылар мемлекеттік органдар арасында жүгіріп жүруден құтылады", - деді Жұмағалиев.

Дереккөз: Tengrinews.kz 

31 қазан 2014, 15:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.