Сенат депутаттары Мұхтар Алтынбаев пен Сергей Громов күш құрылымдары бюджетінің қысқаруына қатысты сын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Мен, әрине, елдегі жағдайды, экономикалық және халықаралық жағдайларды түсінемін. Бірақ "кімде-кім өз күш құрылымдарының қамын ойламаса, сол өзге елдің күш құрылымдарын ойлайтын болады", - деді депутат Громов Парламенттің жоғарғы палатасында 2014-2016 жылдардың республикалық бюджетіне енгізілетін түзетулердің таныстырылуы кезінде.
"Айталық, байланыс құралдарымен 10-15 пайызға ғана қамтылған Ұлттық ұланның бюджетін қалай қысқартуға болады? Бұл ешқандай шеңберге сыймайды. Сіз бен біз терроризмнен, басқа қауіптерден қорғану туралы айтамыз, ондай жерге ең алдымен Ұлттық ұлан барады, ал оларда байланыс құралы жоқ, олар бір-бірімен қалай сөйлесетін болады және бізді қайтіп қорғайды? Қорғаныс министрлігіне де қатысты жағдай сондай. Австралиядан сиырларды әкелмей-ақ қоюға болады немесе құлдырап бара жатқан банктерді қаржыландыруды уақытша шегере тұруға болады, бірақ біздің күш құрылымдарын қаржыландырмауға болмайды, меніңше, біз оған міндеттіміз, Президентіміз бұл туралы айтқан", - деді сенатор.
Ол қорғаныс саласына ішкі жалпы өнімнің 8 пайызын жұмсайтын Әзірбайжанды мысалға келтірді, ал Қазақстанда, оның айтуынша, 1 пайыздық қаржыландыру мүмкін болмай тұр.
"Олардың соғысып жатқан ел екені түсінікті, Құдай сақтасын бізді соғыстан. Бірақ әлемдегі ахуал аса жақсы емес: Ауғанстаннан әскердің шығарылуы, тағысын-тағы. Көріп отырсыздар ма, ахуалдың қаншалықты шиеленісіп отырғанын. Сондықтан, мүмкін бұған келісе жатармыз, дегенмен келешек бюджетке біз жіті әрекет ететін боламыз, күш құрылымдарының бюджетін қысқартпауды сұраймыз", - деді ол.
Күш құрылымдарын қаржыландыру мәселесін сенатор Мұхтар Алтынбаев та көтерді. Ол Әуе қорғанысы күштерінің автоматтандырылған басқару жүйесін орнату шаралары кестесінің қайта қаралатынымен келіспейтінін айтты. Оның айтуынша, армия мұндай жүйеге бұрыннан зәру.
"Кешігіп қалды ма - кейінге қалдырады, бюджетті біреудің істегісі келді ме - орындайды, істегісі келмеді ме - орындамайды", - деді ол.
ҚР Қорғаныс министрінің экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Берік Шолпанқұлов өз ведомствосындағы бюджеттің қысқартылуын түсіндіруге тырысты. Оның сөзіне қарағанда, Қорғаныс министрлігі шығыстарды анағұрлым маңызды шараларға сақтау үшін бірқатар бағдарламаны қаржыландырудан бас тартуға мәжбүр болған.
Қаржы вице-министрі Лена Кармазина Қорғаныс министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің және тағы бірнеше күш құрылымының бюджет шығыстары жалпы сомасы 35 миллиард теңгеге қысқартылғанын хабарлады.
"35 миллиард шынымен де қысқартылды, себебі бюджеттің табыс бөлігінің тапшылығы көп жағдайда осы күш құрылымдарына қатысты болатын", - деді ол.
Қорғаныс министрінің орынбасары журналистерге өз ведомствосында бюджеттің 13,3 миллиард теңгеге қысқаратынын айтты. "Бұл қандай да бір мемлекеттік органның еріккеннен істеген ісі емес, бұл - бюджеттің жалпы секвестрі", - деді ол.
Дереккөз: Tengrinews.kz