Фото: np.kzАСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей азаматтары тарапынан орын алуы мүмкін сепаратизм мен арандатушылық әрекеттерін қатаң бақылауда ұстайды. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті.
Еске салайық, «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Ресей Федерациясының аумағында және Ресей Федерациясы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң қабылданған болатын.
«Ағымдағы жылдың 9 айында Қазақстанға 3 миллион 435 мың Ресей азаматтары келді. Өткен жылы Ресейден келгендер шамамен 3 миллион адамды құраған. Олардың 4 пайызы тіркеуден өтпеген. Тәжірибе көрсеткеніндей, қазіргі таңда ресейлік азаматтар тек 30 күнге ғана келеді. Қазіргі таңда бізде осы бағытта әкімшілік жауапкершілікке тартылған азаматтар 2 пайызға кеміді», - деді Ішкі істер министрі.
Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 9,5 айында Қазақстан Республикасы аумағында болу ережесін бұзғаны үшін 288 ресейлік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған болса, былтырғы жылдың осы кезеңінде жауапқа тартылғандар саны 581 адамды құраған.
«Ресей азаматтары тарапынан сепаратизмге үгіттеу мен арандатушылық әрекеттердің орын алу мүмкіндігіне қатысты айтар болсақ, Ішкі істер министрлігі жағдайды бақылап отыр», - деді депутаттар сұрағына жауап берген Қ. Қасымов.
Дереккөз: inform.kz