ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Құрманғазы мен Пушкиннің сүйісіп тұрғаны бейнеленген постер туралы істің аяқталуы жөнінде пікір білдірді. Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында ол азаматтар мұндай қоғамдық істер жасау кезінде өте ұқыпты болуы керектігін айтты.
"Менің пікірім: әрбір іс, әсіресе, қоғамдық іс ұқыптылықты талап етеді. Әрине, 34 миллион теңге - үлкен сома, бұл соманы сот органы қойды, яғни соңғы инстанция сот органының қолында. Ешкімнің соттың ісіне араласуға құқық жоқ. Бұл мүмкін, әрбір қазақстандықты өз ісіне аса мұқияттылыққа шақыратын сабақ болатын шығар", - деді ол.
Сонымен бірге, министр жеңіліп қалған тарап апелляцияға шағымдана алады деп есептейді. "Жоғары инстанция 34 миллионды аз сомаға төмендететін шығар. Бұл әрине, құқықтық норма. Ал моральдық нормаға келгенде мен адамдардың ұлы тұлғаларға келгенде аса ұқыпты болуын қалаймын", - деді ол.
Министр өзі бұрынырақта айтқан пікірінде қалатынын айтты. Еске сала кетейік, Құрманғазы мен Пушкиннің сүйісіп тұрған постерінің шығуын Арыстанбек Мұхамедиұлы қылмыс деп айтқан болатын.
Таяуда ғана сот Құрманғазы мен Пушкин бейнеленген постерді шығарғандарды Құрманғазы атындағы консерваторияға 34 миллион теңге төлеп беруге міндеттеген еді. Сонымен бірге, принт авторлары республикалық БАҚ-та кешірім сұрауы тиіс. Сот шешімі орындалғанға дейін сот жарнама агенттігінің мүлкін тұтқындау туралы қаулы шығарды.
Еске сала кетейік, "Студия 69" клубын жарнамалайтын постер 24 тамыз күні әлеуметтік желілерде тарала бастады. Бұл жұмыс қоғам мүшелерінің наразылығын туғызды, олар постер авторларын жауапкершілікке тартуды сұрап, полицияға шағымданды. Бұдан кейін Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Құрманғазы мен Пушкиннің сүйіскені бейнеленген постерді жасаушыларға айыппұл салған еді. Әкімшілік хаттаманы Алматы қаласы ішкі саясат басқармасы толтырды. Хамитжановаға 129 640 теңге, ал оның агенттігіне 185 200 теңге көлемінде айыппұл төлеу міндеттелді. Агенттік сот шешіміне шағым келтіргісі келген, бірақ кейін апелляциялық сотта ұтылып қалды.
Бұдан кейін постер авторларының үстінен Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясы ұжымы да сотқа шағымданды. 34 адам жарнама агенттігінен 34 миллион теңге талап етті. Сот бұл соманы бірнеше мәрте нақтылауға тырысты және нәтижесінде шағымданушылардың өкілі соттың өзіне моральдық шығын сомасын нақтылауды ұсынды. Жарнама авторлары арызданушылармен ымыраласқысы келген, бірақ қарсы тарап бұған келіспеді.
Дереккөз: tengrinews.kz