Атырау, 26 қараша 08:29
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Павлодарда пәтерден бес адамның мәйіті табылды

2 490 просмотра

Павлодарда жаппай кісі өлімі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Торайғыров көшесіндегі пәтерлердің бірінен бес адамның мәйіті табылды. Қайтыс болғандардың арасында балалар да бар.

Павлодар облыстық прокурорының орынбасары Қуат Артықбаевтың айтуынша, ұйықтайтын бөлмеден азиялық нәсілді ер адамның мәйіті табылды. Залдағы керуетте әйел адам мен 10-12 жастағы қыз баланың денесі жатты. Үшінші бөлмеден тағы бір әйел мен ер баланың мәйіті шықты. Алдын ала мәлімет бойынша, әйелдердің бірі буындырылған, қалғанына пышақ салынған.

Пәтерден жарақаттанған бір ер адам да табылды. Ол қазір ауруханада жатыр. "Пәтер ішінен жабылған. Жалға берілген пәтерге ең алдымен марқұмдардың туыстары келген. Қожайынның және құтқарушылардың көмегімен есік ашылды. Күдіктінің кім екені анықталды, ол осы пәтерден ауруханаға жеткізілді. Жәбірленушілер күдіктінің туысқаны", - деп хабарлады оқиға орнына келген облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Марат Қожаев. Жаппай кісі өлімінің жай-жапсары анықталып жатыр. Оқиға орнында тергеушілер мен криминалистер жүр.

Еске сала кетейік, осы жылдың көктемінде Павлодар ауылында жаппай кісі өлімі болған еді. Ерлі-зайыпты мен олардың екі баласының мәйіті жеке үйлердің бірінен табылды. Бес және алты жастағы ұл мен қыз пышақ жарақатынан өлген. 35 жастағы әйелге де пышақ салынған. Ал отағасы асылған күйі табылды. Оқиға орнынан өлім алдындағы хат табылды, онда әлдекім отбасының қарызын өтеуді сұрайды. Полицейлер бастапқыда отбасыны отағасы өлтірді деген нұсқаны қарастырған еді, кейін басқа жорамалдың пайда болғаны хабарланды. Бұл жантүршігерлік оқиға әлі ашылған жоқ.

Дереккөз: tengrinews.kz

28 қазан 2014, 09:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.