Мальтада құқық қорғау органдары Рахат Әлиев тұрған зәулім үйді тінтті, - деп хабарлайды Malta Today. Тінту экономикалық қылмыстар бойынша жүргізілген. Нақты айтқанда, Рахат Әлиевке тағылған ақша жымқыру айыптарына қатысты.
Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі мен оның әйелі Эльнара Шораз тұрған "Л'Этуаль" вилласы бүгінде дау-дамайдың ортасында. Жылжымайтын мүлік националистік партияның қаржы комиссиясының басшысы Рэй Бугеджеге тиесілі екені анықталды. 2011 жылдың қараша айында ол вилланы үшінші тұлға арқылы 350 мың евроға сатып жіберген. Ақырында мүлікті сатып алушының кім болғаны жария етілген жоқ, бірақ үй сатылған кезде Әлиев пен оның әйелі Мальтада болған.
Еске сала кетейік, Рахат Әлиев Мальтадан 2013 жылыдң тамызында кеткен еді. Ол ақшаның ізін жасырды деп айыпталып отыр. Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі өткен маусым айында Венада қолға түсті. Оған кісі өлтіру және ұрлау қылмысы туралы іс материалдары негіз болды. Әлиев "Нұрбанк" АҚ топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновті ұрлап кетіп, өлтірді деп айыпталған еді. Қазақстанда Әлиевті 40 жылға бас бостандығынан айыру туралы сырттай үкім шығарылды.
Дереккөз: tengrinews.kz