Атырау, 3 қазан 07:46
 бұлттыВ Атырау +23
$ 483.23
€ 534.74
₽ 5.12

Азия мен Еуропаға өзара әрекеттесудің жаңа негізін қалау қажет - Назарбаев

1 537 просмотра

Азия мен Еуропаға өзара әрекеттесудің жаңа негізін қалау қажет, деп мәлім етті Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы «Қаржылық және экономикалық ынтымақтастықты Еуропа мен Азияның кеңейіп келе жатқан өзара байланыстары арқылы дамыту» тақырыбына арналған пленарлық сессияда сөз сөйледі.

Қазақстан Президенті қазіргі қауіптер мен сын-қатерлерге лайықты жауап іздеу міндеті Еуропа мен Азия мемлекеттерін біріктірілген күн тәртібін қарастыруға мәжбүрлеп отырғанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев дағдарысты еңсерудің ең тиімді жолы ретінде Еуразиялық өңірдің ықпалдастық әлеуетін ашуды атады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы құрлықтағы ынтымақтастықтың болашағына қатысты өз көзқарастарын ортаға салды.

Қазақстан Президентінің пікірінше, халықаралық ынтымақтастықтың парадигмасын өзгеру қажет, бұл протекционистік кедергілерді жою мәселесінде нақты іс-әрекеттерге көшуді, нарықтарды ашып, өзара сауданы ұлғайтуды білдіреді.

Мемлекет басшысы тағы бір бағыт ретінде жаһандық қаржы архитектурасының трансформациясын, қаржы секторындағы теңгерімсіздікті еңсеруді, халықаралық капитал қозғалысын реттеудің тиімді моделін әзірлеуді атады.

Қазақстан Президенті жаңа қаржылық дәнекер көпірлердің қажеттігін айтты және бұл орайда өңірлік қаржы орталығы – Алматының үлкен әлеуетке ие екенін атап өтті.

Тұтас өңірді дамытудың тағы бір негізгі шарты көлік-транзит инфрақұрылымын нығайту, соның ішінде Еуропаның Азияға қысқа әрі қауіпсіз жолын қамтамасыз ететін Ұлы жібек жолын жаңғырту болып саналады.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев заманауи технологиялар мен энергетикалық ресурстарға қолжетімділіктің маңыздылығына назар аударды. Қазақстан Еуропа мен Азия үшін тұрақты түрде энергетикалық ресурстар жеткізуші ретінде энергетикалық бағдарларды одан әрі әртараптандыруды күшейтуге күш салуда.

Өңірдің орнықты дамуы үшін Еуразиялық Экономикалық Одақ негізгі буынына айналатын жалпықұрылықтық инфрақұрылым қалыптастыру басым маңызға ие болып саналады.   

Дереккөз: Қазақстан жаңалықтары АА.

17 қазан 2014, 09:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.