Интернеттен бағдарламаларды заңсыз көшірген қазақстандық азамат сот алдында жауап берді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz сайты Шиелі аудандық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Сотталушы Қ авторлық құқықтардың объектілері болып саналатын туындылардың контрафактілік даналарын заңсыз жеке компьютерге орнатып, кәсіпкерлік мақсатта пайдалануға бағытталған ниетпен "1С: Кәсіпорын 7.7", "1С: Кәсіпорын 8.1" контрафактілі коммерциялық бағдарламаларын ғаламтор жүйесіндегі ақпаратқа кіріп заңсыз көшіріп алып, сақтаған", - делінген ақпаратта.
"Осыдан кейін сотталушы Қ жоғарыда аталған коммерциялық бағдарламаларды тарату және пайдалану "1С" АҚБ-на ерекше құқықпен тиесілі екендігін біле тұра пайда табу ниетімен азамат Н-ның жеке компьютеріне "1С: Кәсіпорын 7.7", "1С: Кәсіпорын 8.1" коммерциялық бағдарламаларының контрафактілік данасын заңсыз орнатып, осы қызметі үшін ақысы ретінде 8 000 теңге алып, ол қаржыны өз мақсатына пайдаланған".
Сондай-ақ, "Сотталушы Қ-ның осы қылмыстық іс-әрекеті салдарынан "ИнфоСофтПром" ЖШС-не 578 400 теңге шығын келіп, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 184-бабының 2-бөлігінде қаралған қылмысты жасаған", - делінген баспасөз хабарламасында.
Сот сотталушы Қ-ны жәбірленуші тараппен татуласуына байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 67-бабының 1-бөлігі негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатып, қылмыстық істі өндірістен қысқартты.
Дереккөз: tengrinews.kz