Меккедегі қажылық кезінде Қазақстанның екі азаматы қайтыс болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметкерлерінің хабарлауынша, қажылыққа барғандардың бірі - Талдықорғанның 69 жастағы тұрғыны Баба Никанды автобус қағып кеткен. Ол көлік жолын белгіленбеген тұстан кесіп өткен. Қайтыс болған екінші адам - 75 жастағы көкшетаулық Ботан Жүсіпова - оның қан қысымы күрт көтеріліп кетіпті. Бұл екі адам да Мекке топырағында жерленді.
Діни басқарма мамандарының айтуынша, бұл екі қайғылы оқиғаның бір-біріне қатысы жоқ. Марқұмдар қажылыққа екі бөлек туркомпанияның көмегімен барған - "Минатур" және "Қызмет Саяхат". Кейбір мәліметтер бойынша, қасиетті жерде тағы бір қазақстандық Сауд Арабиясының ауруханасында ауыр халде жатыр. "Толық мәліметті біз 20 қазаннан соң - мұсылмандар қажылықтан оралған кезде беретін боламыз", - деп хабарлады діни басқарманың баспасөз қызметі.
Биыл Меккедегі қажылық кезінде түрлі елдерден барлығы 130 адам қайтыс болды. 213 адам жергілікті емдеу мекемелерінде жатыр. Айта кетейік, 2013-2014 жылдары Сауд Арабиясына қажылыққа Қазақстанның 10 мыңнан астам азаматы барған.
Дереккөз: tengrinews.kz