2015 жылдың қаңтарынан бастап, Астана мен Алматы қалаларында визаларды қарастырудың басымдықты жүйесін Ұлыбритания елшілігі Қазақстанда енгізеді. Бұл туралы бүгін елордада Швейцария мен Ұлыбританияның бірлескен визалық орталығының ашылуы рәсімінде белгілі болды.
«Өткен жылдың шілдесінде Ұлыбританияның Премьер-Министрі Дэвид Кэмерон Астанада сапармен болды. Сол кезде ол Ұлыбританияға визаларды алуды кейбір қазақстандық компанияларға жеңілдету бойынша жоспарды мәлімдеген болатын. Бүгін мен алдағы жылдан бастап, Астана мен Алматыда визаларды қарастырудың басымдықты жүйесі қызмет ететінін жариялағым келеді. Егер осы жүйені пайдалануға ниетті болсаңыздар, біз сіздердің визаға өтініштеріңізді бес жұмыс күні ішінде қарастыруға тырысамыз. Ол үшін қосымша төлем жасалуы тиіс»,-деді біріккен визалық орталықтың ашылуында Қазақстандағы Ұлыбританияның елшісі Кэролин Браун.
Оның сөзіне қарағанда, бүгіннен бастап, аталған орталық Астанада визаға өтінім қабылдау үшін аптасына үш күн ашық болады.
Ұлыбритания мен Швейцарияның біріккен визалық орталығы арқылы қазақстандықтар жарты сағаттың ішінде британдық, швейцариялық және шенгендік визаларды алу өтінімін рәсімдей алады.
Дереккөз: ҚазАқпарат