АҚШ-та отбасымен қоса тентіреп қалған отандасымыз Людмила Ивахноның елге қайтуға толық мүмкіндігі бар.
Алматылық келіншектің ісіне араласқан еліміздің Сыртқы істер министрлігі жат жерде жолы болмаған жерлесімізге жәрдем беруге келісті деп хабарлайды КТК арнасы.
"Оның туысқандары немесе өзі біздің Сыртқы істер министрлігіне немесе Нью-Йорктегі бас консулға хабарласу керек. Өтініш білдірген жағдайда міндетті түрде Қазақстанға қайтуға Сыртқы істер министрлігі тарапынан көмек көрсетілетін болады. Сонымен қатар, Людмила еліміздің Нью-Йорктегі өкіліне кішкентай қызы мен қартайған шешесінің де құжаттарын толық көрсетуі тиіс", - деді Сыртқы істер министрлігі баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов.
Ал өзін зорлаған келімсектен туылған сәби АҚШ азаматы болғандықтан оны елге әкелу біраз қиындықтар туғызуы мүмкін. Осыған байланысты шетелде тентіреген отандастарымыз әлі де болса біраз уақыт қаңғыбастар үйінде тұра тұрады.
Оған қоса, біздің тарап алматылық келіншектің қандай да бір қылмыстарға қатысы бар-жоғын да анықтайды. Тек сонда ғана мұхиттың арғы жағалауындағы мемлекет оларды өз елдеріне жібереді екен.
Сондықтан туған жер топырағын аңсаған Ивахнолар отбасын алда ұзақ тексерулер күтіп тұр. Ал бүтін бір отбасыға жұмақ өмірді уәде етіп жалған құжаттармен жіберген фирманы тексерулер күтіп тұр.
Дереккөз: NUR.KZ