Атырау, 26 қараша 05:41
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Жұмыс аптасын қысқарту туралы ұсыныс елімізде дау тудырды

3 322 просмотра

Аптасына 3 күн демалыс. Елімізде жұмыс аптасы 4 күнге қысқаруы мүмкін. Біріккен Ұлттар ұйымы жанындағы Халықаралық еңбек ұйымы Қазақстан ғана емес, 185 мемлекетке жұмыс күнін азайтайық деген ұсыныспен шықты.

Айтуларынша, бұдан көп тынығуға мүмкіндік алатын адамдармен бірге, экономикада ұтады деп хабарлайды КТК арнасы.

Алайда тосын бастамаға қарсылар да, жақтаушылар да лезде табыла кетті.

Елді елең еткізген Халықаралық еңбек ұйымына сенсек, тұрғындар әдеттегідей 2 емес, 3 күн демалса, өзіне, отбасына көңіл бөліп, жұмысбастылықтан арылып, денсаулығын түзеуге мүмкіндік алады. Әсіресе, аптасына 40 сағат тіпті одан да көп кеңседен шықпай жан күйзелісіне ұшырағандарға тиімді екен.

Әрі көшелерде жұмысқа асығып бара жататын көліктердің саны азайып қоршаған ортаға пайдасын тигізетін көрінеді. Халықаралық еңбек ұйымының жер бетіндегі барлық елге жолдаған тың бастамасы, Қазақстанда да қызу талқыланып жатыр.

Бұл тек мемлекеттік қызметкерлерге пайдалы дейтіндер көп. Себебі аз жұмыс істеп ұзақ тынықса да, халықаралық ұйым олардың жалақы көлемінің сақталуын талап етуде. Десе де, тың ұсыныс барлығына бірдей жағып жатқан жоқ.

"Жұмыс істеген тиімді маған. Демалғанда біреу ақша әкеліп береді деп ойлайсың ба?",- деушілер көп.

Бастамаға қырын қараушылар мемлекеттің азын-аулақ айлығына қарап отырғандар. Олар тынығу көбейсе, еңбекақыларының көлемі азайып қалады деп қорқады. Ал көшені шалшық судан тазартып жүрген жұмысшыға, базарда арба сүйреп жүрген жігітке, автобус жүргізушісі мен саудагерге демалыс емес, алдымен ақша керек.

"Демалғанда не? Үйде отырғанда не? Бала-шағаны бағу керек қой.Екі күн жетеді ғой.Сенбі жексенбі", - дейді саудагер Гүлбаршын Райымжанова.

"Астана тазалық" мекемесінің қызметкері Икрам Хасенов  ақшасын төлесе 7 күн істейтінін де айтты.

Бір қызығы бұл ұсынысты пиар ретінде пайдаланғысы келді ме, отандық банктердің бірі бүгіннен бастап 4 күндік жұмыс аптасына ауысып үлгерді. Жалақыны сақтауға уәде еткен банк, 5-ші күнді қызметкерлерінің интелектуалдық тұрғыда дамуына бөлмек.

Десек те, бастамаға депутаттар да қарсы. Олардың да артық тынығуға құлқы жоқ. 

"4 күн жұмыс істеп, 3 күн демалғанды кім жаман көрсін? Бірақ бүгінгі таңда еңбекету керек. Көрінген мемлекет өзіне ондай мүмкіндік жасай алмайды. Еліміздегі еңбек заңына сәйкес, адамдар аптасына 40, күніне 5 сағат жұмыс істеуі тиіс",  - дейді Мәжіліс депутаты Камал Бұрханов.

Бірақ бұл талап көп жағдайда ескеріле бермейді. Әсіресе, жеке компанияларда. Ал дау тудырып үлгерген Халықаралық еңбек ұйымы ұсынысының қолдау табарына үміттен көрі күмән көп. Сондықтан бұл бастаманың Қазақстанда жүзеге асуы екіталай.

Дереккөз: NUR.KZ

8 қазан 2014, 09:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.