Euronews арнасына берген сұхбатында Қырымның Ресейге қосылуын сынға алған Белоруссия президенті Александр Лукашенко Ресейдің бір бөлігін Қазақстанға беруді ұсынды.
Бұл туралы шетелдік басылымдарға сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.
"Көбісі Қырым кезінде Украинаға заңсыз кеткен, негізінде бұл Ресей территориясы деп айтуда. Бұл дұрыс емес. Егер бұл негізге сүйенетін болсақ, онда Батый хан дәуіріне оралайық та, Қазақстан, Моңғолия және тағы басқаларға Ресейдің біршама аумағын қайтарып берейік. Шығыс Еуропаға да беру қажет. Әрине, Белоруссиядан басқаларға. Өйткені, олар бізге тиіскен жоқ", - деді Лукашенко.
Кеден Одағына қабылданған соң, Белоруссия мен Қазақстан Ресейдің жақын одақтастары саналады. Алайда, Минск пен Астананың Қырымға қатысты тәуелсіз көзқарастарын білдіріп, Мәскеуден алшақтап тұратыны рас.
Сонымен қатар, Лукашенко Новороссияны дербес ел ретінде мойындау туралы идеяны қолдамайтынын айтты.
"Біз ешкімді мойындамаймыз. Бұл заңсыз мемлекет, заңсыз аумақ. Ол жақта соғыс жүріп жатыр. Біз бұл процестерге араласуымыз керек пе?", - деп Лукашенко Донецк және Луганск Халық Республикалары жайындағы ойын да білдірді.
Дереккөз: NUR.KZ