Қарағанды қалалық жер қатынастары бөлімінің жетекшісі Ернар Дәрібеков тұтқындалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі сот залынан.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тергеушісі жер қатынастары бөлімі жетекшісін кәсіпкерлік субъектілеріне жер телімдерін заңды бұза отырып берді деп айыптап, сотқа оны қамауға алуға өтініш білдірді. Шенеунік "Қарағанды көлік-логистика кешені" фирмасына Қарағанды аумағынан жалпы ауданы 40 гектар болатын жеті жер телімін заңсыз берген.
"Сот айыпталушы Ернар Дәрібеков қылмыстық жауапкершіліктен қашып немесе куәгерлерге қысым көрсетпесі үшін оған "тұтқынға алу" бұлтартпау шарасын қолдануды дұрыс деп есептейді", - деді судья Еркеш Мәукен.
Ернар Дәрібековтің үстінен Қылмыстық кодекстің 307-бабы - "Қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Дәрібеков бұл қызметті 2013 жылдың 28 наурызынан бері атқарды.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі Мейрам Смағұлов 2013 жылдың маусымында Ернар Дәрібековке жалпы ауданы 1,2 гектар болатын 12 жер телімін үлестес заңды тұлғаның атына рәсімдеуге заңсыз нұсқау берген. Дәрібеков аталған жер телімдерін DDKZGroup серіктестігінің атына рәсімдеген.
"2013 жылдың қыркүйегінде Қарағандының экс-әкімі Жер кодексін бұза отырып, аталған ЖШС-ге азқабатты тұрғын үйлер салу үшін жер телімдерін бес жыл мерзімге беру туралы қаулыға қол қойған. Содан кейін серіктестік жалға алу құқығын мүдделі жеке тұлғаларға, соның ішінде, Смағұловтың туыстарына шартты түрде сатып жіберген", - делінген хабарламада.
Ернар Дәрібеков - соңғы төрт күн ішінде қаланың тергеу изоляторына жеткізіліп, қамалған үшінші жоғары лауазымды шенеунік. Тергеу изоляторына Қарағанды облысының экс-әкімі Бауыржан Әбдішев түскен еді, бүгін, 3 қазанда оның қасына қаланың экс-әкімі Мейрам Смағұлов барды.
Дереккөз: Tengrinews.kz