"Табысқа қатысты айтатын болсақ, біз тіркеу құжаттамамызда 280 миллион евро табыс табамыз деп көрсеткенбіз. Яғни, бұл біздің демеушілерден, билеттерден, өзіміздің коммерциялық әрекетімізден, тағы басқалардан табамыз деп отырған бизнес-жоспарымыз. Біз бұл қаражатты табамыз деп ойлаймын", - деді Ермегияев Парламент Мәжілісі Экология және табиғатты пайдалану комитетінің кеңейтілген отырысында.
Сонымен бірге, ол бұл шара қаншалықты табысты өтсе де, көрмеден кейінгі нысандарды пайдалану басты мәселе екендігін жеткізді. Осыған байланысты EXPO көрмесін өткізген Шанхай мен Ганновер қалаларының тәжірибесі зерттелген.
"Негізінде көрме өткеннен кейін ғимараттар туристік нысан, мәдени алмастыру орталықтары, ғылыми-зерттеу базалары, кеңсе және іскерлік орталықтары, жайлылығы жоғары тұрғын үй кешендері, демалыс және ойын-сайық нысандары ретінде пайдаланылады. Сонымен бірге, көп жағдайда көрме нысандарына деген сұраныс төмен болады. Көрме үшін салынған көптеген павильондар кейіннен қаңырап бос қалады, кейбірінде бірнеше ғимараттарды пайдалану үшін қалдырылып, қалғаны түгелдей сүріліп тасталған. Сондықтан EXPO өткізген басқа елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, көрме өткеннен кейін ғимараттарды тиімді пайдалануға баса назар аударуымыз керек, мұны кешенді түрде қарастыруымыз тиіс", - деді компания басшысы.
Ермегияевтың айтуынша, Астанада көрмені салғанда өзін-өзі толық қамтыған аудан тұрғызу жоспарланып отыр екен. Онда ашық алаңқайлар мен тұрғын үй кешендері, сауда орталықтары мен бизнес-объектілері бар ғылыми-технологиялық, мәдени нысандар қалыптасатын болады. "Осыған байланысты қазірдің өзінде павильондарды жоспарлау сатысында көрме аяқталғаннан соң объектілерді тиімді пайдалану үшін қабаттар арасындағы монтаждау жұмыстарының мүмкіндіктері ескеріліп жатыр. Жобалау барысында кейіннен қайта жасақталатын сантехникалық тораптар, баспалдақ-сатылар, ғимараттарды арасынан бөлу мүмкіндіктері қамтылады. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың көрмеден кейінгі алаңдарға сұраныстары бойынша ұсыныстар да қаралады. Тұтастай алғанда, біз көрмеге салынған нысандардың әрбір шаршысын тиімді пайдалану мәселесін жан-жақты ойланатын боламыз", - деді ол.
Дереккөз: tengrinews.kz