Нұрсұлтан Назарбаев Каспий бойынша көрші әріптестеріне Әлемдік мұхитқа шығу мүмкіндіктері туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Астраханьда өтіп жатқан Каспий жағалауы мемлекет басшыларының саммитінен.
"Жалпыға мойындалған нормалар мен халықаралық құқық қағидалары негізінде Каспий теңізінен басқа теңіздерге, Әлемдік мұхитқа еркін шығу қағидасын келісіп алғанымыз бүгінгі саммиттің маңызды жетістігі деп есептеймін", - деді қазақстан Президенті.
Ол бүгінде біздің елде көлік бағыттарының дамыған желісі бар екенін айтты: Солтүстік - Оңтүстік, Қытайдағы Ляньюньган Қорғасқа дейін және Каспий теңізіндегі Ақтау портына дейін. "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" автокөлік дәлізінің құрылысы аяқталып келеді. Бұған қоса, осы жыл ішінде Қазақстан, Түрікменстан және Иран Қазақстаннан Түрікменстанға, Иранға, Парсы шығанағына баратын теміржолды түпкілікті жалғауы тиіс.
"Бұл жолдармен Ресейдің сауда жолдары байланысты екені анық. Біз ел аумағын ірі еуразиялық, іскерлік транзиттік хабқа айналдыру үшін барлық қажетті жағдайды жасаймыз. Қазақстан арқылы өтетін бағыттарды ескере отырып, біз оларды Каспий жағалауы елдерінен өзге елдердің нарығына, ең алдымен Қытайдан Тынық мұхитына дейін тауар жеткізуге транзиттік көпір ретінде пайдалануды ұсынамыз. Бұл мақсатта біздің елдің үкіметі үкіметаралық келісімдерді бекіту мүмкіндігін қарастыра алады. Біздің ойымызша, бұл барлық тарапқа өзара пайда әкеледі", - деді Назарбаев.
Президент Каспийдің биологиялық ресурстарын сақтау мәселесіне де назар аударды. "Біздің міндетіміз - теңізді бөліп алу ғана емес, сонымен бірге, оның бірегей экологиялық жүйесін қорғау да. Бұл - біздің келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз. Бекіретұқымдас балықтарды аулауға салынған тыйымды бақылаудың тетіктерін ойластыру қажет. Мен Баку кездесуінде де Каспийде соңғы жылдары азайып кеткен балықтың құнды тұқымдарын қалпына келтіру үшін оны аулауға мораторий жариялауды ұсынған болатынмын", - деді Назарбаев.
Мемлекет басшысы Каспий жағалауы елдерінің туристік инфрақұрылымы Каспий туризмін ұйымдастыруға жақсы мүмкіндіктер ашатынын да атап өтті.
Дереккөз: tengrinews.kz