"Айыпталушыны қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану деректері бойынша тергеу жүргізу барысында қоғамнан оқшаулау қажет, Бауыржан Әбдішев бостандықта жүріп куәгерлерге қысым көрсетуі және тергеудің әділ жүргізілуіне ықпал етуі мүмкін деген прокуратураның дәлелдерін сот негізді деп есептейді", - деді сот қаулысын жария еткен судья Бақыт Ахметова.
Қылмыстық іске қатысты кәгерлердің бірқатары орыс тілінде түсінік берсе де, сондай-ақ тергеушінің бұлтартпау шарасына қатысты санкциясы орыс тілінде жүргізілгендігіне қарамастан, айыпталушы Бауыржан Әбдішев сот отырысында мемлекеттік тілде сөйлеуге ниет білдірді. Сотқа аудармашы шақыртылып, ол Әбдішевтің өтініші мен арызын аударып беріп отырды. Айыпталып отырған облыстың экс-әкімі қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды деген айыпты мойындамай, тергеу изолятрорына қамамауды сұрады.
"Мен қамаудан босатылу үшін кепіл беруге дайынмын. Менің иелігімде Қарағандының орталығында пәтер бар, ол мүлікті мен кепілге қоя аламын", - деді Бауыржан Әбдішев сот залында. Алайда прокуратура өкілі оған жол беруге болмайтынын айтып, оны қамауға алуды сұрады.
Сот қаулысы бойынша, айыпталушы екі айға тергеу изоляторына қамауға алынды. Өйткені Қылмыстық іс жүргізу кодексі бойынша, бұл қылмыстық істі тергеуге шамамен осынша уақыт кетеді. Айдауыл сот залынан облыс әкімінің қолына кісен салып, Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің АК159/1 тергеу изоляторына алып кетті.
Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев қыркүйектің 23-і күні ұсталған болатын. Бұрынғы шенеунікке жер қатынастары мәселесінде заңсыз әрекеттермен айналысты деген күдік келіп отыр. Бұрынғы әкімге қатысты екі қылмыстық іс қозғалды.
Дереккөз: tengrinews.kz