Атырау, 26 қараша 01:36
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Көлік өндірушілер газға көшуге дайындық туралы айтты

2 219 просмотра

Фото: ©magistral116.ruФото: ©magistral116.ruҚазақстанның автокөлік өндірушілері Tengrinews.kz тілшісіне отандық автоиндустрияның газ баллон жабдығы (ГБЖ) орнатылған машиналар шығаруға қаншалықты дайын екені туралы әңгімелеп берді.

"АЗИЯ АВТО" АҚ президенті Ерік Сағымбаевтың айтуынша, ГБЖ орнату - кертартпа мәселе. "Автокөлік иелері үшін ГБЖ орнату қызметі қолжетімді, оған автокөлік өндірушілердің араласуына қажеттілік жоқ. ГБЖ алдын ала орнатылған көліктер шығару - кең таралмаған тәжірибе. Өндірушілердің көбі оны орнатуды сатып алушының еркіне қалдырады", - дейді компания басшысы.

Оның айтуынша, жүргізуші сатып алған машинасына бұл жабдықты мамандандырылған компанияға барып, өзі орната алады. ГБЖ орнату - лицензиялауды және сертификаттауды қажет ететін қызмет түрі, ол технологиялық, рәсімдік іс-әрекеттерді талап етеді, газбен жүретін көліктердің саны әлемдік автопарктің 1,5 пайызына тең.

"Жыл сайын әлемде ГБЖ орнатылған автокөліктердің саны 25-30 пайызға артып келеді, бірақ қазіргі сұраныс газбен жүретін көліктерді топтап шығаруға жеткіліксіз. Сондықтан "АЗИЯ АВТО"-ның мұндай жабдығы бар көліктер шығару туралы жоспары жоқ. ГБЖ артық техникалық қауіп-қатерлерге соқтыруы мүмкін. Кез келген автокөлікті отынның балама түріне бейімдеу мүмкін емес. Айталық, универсалдар мен кроссоверлерге ГБЖ орнатуға тыйым салынады - жолаушылар салоны газ жабдығы орнатылған бөліктен оқшау болуы тиіс. Бұл - қауіпсіздіктің мәселесі. Соған қарамастан, Қазақстанда бұл талаптар қазірдің өзінде бұзылып отыр", - дейді автоөндіруші өкілі.

Сағымбаевтың айтуынша, сұйытылған газ бен әдеттегі отынның арасында баға жөнінен айырмашылық үлкен болмағандықтан қазақстандық тұтынушылар газ отынына қызығушылық таныта қойған жоқ. Бұған қоса, сарапшының айтуынша, Қазақстанда Еуропа елдеріндегідей емес, жанармай мен дизель отынынан бас тартуға ынталандыратын салықтық жеңілдктер мен басқа да тетіктер жоқ. ГБЖ-ның сұранысқа ие болмауының тағы бір себебі - тиісті инфрақұрылымның болмауы, яғни газ құю бекеттерінің өте аздығы.

"Сондықтан сұйытылған газды дәстүрлі отынды толық алмастырады деп қарастыруға болмайды, балама отынға автобустардан, жүк көліктері мен коммуналдық техникадан бастап көшкен дұрыс. Бұл - газды дизель отынына балама ретінде қолдануға болатын сектор. Коммуналдық және корпоративтік парктер бүкіл әлем бойынша осы процестің қозғалтқышы болып саналады. Дәл осы салада біз газ отынына көшудің экономикалық және экологиялық тиімділігін жылдам сезінеміз", - дейді сарапшы.

Дегенмен Қазақстан автоөндірушілерінің бәрі бірдей бұл пікірді қолдамайды. AllurAuto компаниясы ГБЖ орнатылған көліктер шығаруды бастады. Компания президенті Андрей Лаврентьевтің айтуынша, қазақстандық автоөндірушілер жеткізушілерді тарту мәселесін қарастырып жатыр, олар - Италия мен Ресейдің метанмен жұмыс істейтін газ баллон жабдықтарын жеткізу жөнінен әлемдік көшбасшылары.

"Егер жаңа автокөліктер нарығы туралы айтсақ, онда газға жүз пайыз көшіру немесе көлікті пайдалану жағдайына тәуелсіз түрде 60-70 пайыз метан мен 30-40 пайыз отынды ішанара алмастыру туралы дайын шешім бар. Жанармай мен газды қолдану жүйесін құруға болады, яғни ішінара алмастыру, көлікті пайдалану жағдайына қарамастан, 30/70 және 50/50. Мұндай шешім қазірдің өзінде бар. Біз бұлай жабдықталған автокөліктерді дайындадық, олар қазір тестілеуден өткізіліп, сыналып жатыр", - дейді Лаврентьев.

Спикер ГБЖ орнатуға сұраныстың аз болуы газ құю, соның ішінде, метан құю станцияларының жоқтығынан деп есептейді. Бұған дейін Энергетика министрлігінің отандық кәсіпорындармен келіссөз жүргізіп жатқаны және автокөлік өндірушілердің ГБЖ орнатылған көліктерді шығару мен сатудың мүмкіндіктері туралы ақпарат ұсынуы тиіс екені хабарланған болатын.  

Дереккөз: tengrinews.kz

16 қыркүйек 2014, 12:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.