Қазақстанның ұлттық валютасының ауытқу бағамы нығайту бағытына қарай өзгерді. Бұдан былай теңге бағамының жоғарғы шегі өзгеріссіз - 185 плюс 3 теңге көлемінде қала береді. Ал төменгі шегі нығаю бағытына қарай минус 15 теңгеге кеңейтілді деп мәлімдеді ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов.
Бас банкирдің айтуынша, бұл шешім ҚР Үкіметімен келісу арқылы қабылданған.
«Жалпы жыл басынан бері, валюталық бағамның ауытқу шегі 183,5 теңге мен 182 теңгенің арасында болып келгені мәлім. Ал соңғы үш аптада ұлттық валютаның бағамы 182 теңгенің айналасында болды. Демек, теңгенің әлеуеті жоғары деген сөз. Сәйкесінше, Ұлттық банк теңгені одан әрі нығайту, яғни дәлізді кеңейту керектігі жөнінде шешім қабылдады» - деді өз сөзінде Ұлттық банктің төрағасы.
Айта кетелік, бұған дейін теңгенің ауытқу бағамын Ұлттық банктің Басқармасы үстіміздегі жылдың ақпан айында 185 +/- 3 теңге көлемінде белгілеген болатын.
Дереккөз: Қазақстан жаңалықтары АА.