Алматы соты доллар орнына қара қағазды сатпақ болған Камерунның екі азаматын алты жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Бостандық аудандық сотының сайтына сілтеме жасап.
1978 жылы туған Нангу Нгуну Кристиана Семплис (Nangueu Ngounou Christian Simplice) пен 1981 жылы туған (Нгугу Тепонг Ону Парфе (Nguenou Tepoung Honou Parfait) "Алаяқтық" бабы бойынша сотталды. Алматы соты баспасөз қызметінің мәліметінше, оларға мүлкін тәркілеумен бірге жалпы режимдегі колонияда алты жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді.
Іс материалдарына қарағанда, африкалықтар Астанаға біржолғы визамен бизнесмен турист ретінде келген. "Ақша жасайтын нақты мүмкіндігі жоқ болса да, олар химиялық реактивтер мен қағаз парақтарын пайдалануды ойлаған. Олар доллар жасау процесін көрсете отырып, Қазақстан азаматтарын нағыз ақшаны жалған ақшамен алмастырып алдаған", - делінген соттың хабарламасында.
2014 жылдың сәуірінде Алматы қаржы полициясы департаментіне қала аумағында жалған ақша жасаумен айналысатын адамдарға қатысты ақпарат түскен болатын. Қаржы полицейлері тексеру барысында Камерун азаматтарының 100 долларлық купюра жасап беру қызметін ұсынғанын анықтады. Алаяқтар өз клиенттеріне қара қағазды көрсетіп, әлдебір сұйықтықтың көмегімен оларды нағыз ақшаға айналдырған кейіп танытқан.
Камерун азаматтарының бұл қызметке қызыққан адамдардың 300 мың долларын тартып алмақ болғаны анықталды, алаяқтар азаматтарға бұл соманы екі есе көбейтіп қайтаруға уәде берген. Африкалықтар ақшаны қолдан жасау әрекетінен кейін ұсталды. Олардың жалға алған пәтерінен ақ-қара түсті кесілген қағаздар, ерітінділер мен басқа да айғақ заттар табылды. Қаржы полициясының тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғап, материалды сотқа жолдаған болатын.
Еске сала кетейік, 2001, 2002 жылдары Ресей мен ТМД-ның басқа да елдерінде Африка азаматтарының "Қара долларлар" схемасы бойынша алаяқтық жасау деректері тіркелген болатын. Ақпарат құралдарының мәліметінше, 2001 жылдың қараша айында Алматы полициясы Либериядан келген үш алаяқты ұстады. Олар кәсіпкерлерді қолдан жасалған 1,5 млн доллармен алдаған. Бірі миллионер әкесінен алған қыруар қаржыны кеденнен өткізу үшін оны қара түске бояғанын айтыпты. Жұрттың көзінше арнайы ерітіндімен қара қағазды сүрткен кезде олар "нағыз долларға" айналып шыға келген. Бұл ерітіндіні сатып алу үшін олар кәсіпкерлерден 8 мың долларға жуық ақша сұраған. Алматы соты бұл істің материалдарын да қарап жатыр.
Дереккөз: tengrinews.kz