Қазақстан Иранды әлемдегі маңызды әріптестерінің бірі, Каспий жағалауындағы тату көршісі ретінде қарастырады деп мәлімдеді Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Руханидың елімізге мемлекеттік сапары аясында Ақордада өтіп жатқан кеңейтілген құрамдағы кездесу барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
«Қазақстан Иран Ислам Республикасын өзінің әлемдегі маңызды әріптестерінің бірі, Каспий жағалауындағы тату көршісі ретінде қарастырады», - деді Елбасы сейсенбіде Ақордада өткен кездесуде.
Сонымен қатар Президент Иран елінің алдында тұрған үлкен проблема - ядролық бағдарлама мәселесінің жеңіспен аяқталатынына, келісімге жететіндігіне сенім білдірді.
«Бұлар Иран мемлекетінің экономикасының дамуына, біздің қарым-қатынасымызға зор септігін тигізетіні белгілі», - деді Н.Назарбаев.
Ал Иран Ислам Республикасының (ИИР) Президенті Хасан Рухани келіссөздер барысында ауқымды делегацияның Астанаға бүгінгі сапары және осы сапар аясында жеке сектордың қатысуы Иран Ислам Республикасының Қазақстанмен барлық салада қарым-қатынастарды дамытуға барынша ниетті екенін көрсетіп отырғанын жеткізді.
Дереккөз: Қазақстан жаңалықтары АА.