Жеңіл автокөлікте полицей формасын киген күйі ұйықтап қалған Ақтөбе ІІБ жол-патруль полициясы батальонының қызметкерлері ішкі істер органдарынан шығарылды, - деп хабарлайды К-news облыстық ішкі істер департаментіне сілтеме жасап.
"Форма киген күйі ұйықтауға жол беріп, азаматтық тұлғалардың негізді сынына ұшырағаны, сол арқылы ҚР ішкі істер органдары қызметкерлерінің Ар-намыс кодексін өрескел бұзғаны үшін Ақтөбе облыстық ІІД бастығының бұйрығымен екі полицей де 2014 жылдың 5 қыркүйегі күні Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылды", - делінген Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің хабарламасында.
Тексеру барысында полицейлердің 4 қыркүйек күні 00.00-ден 08.00-ге дейін қоғамдық тәртіпті бақылап, жол қауіпсіздігін қамтамасыз еткені анықталды. 08.30-да автокөлік жуу орнының маңында олар "ВАЗ 2115" автокөлігінің артқы орындығында, көлік есіктерін айқара ашқан күйі ұйықтаған, тәртіп сақшылары 11.00-де оянған.
Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті мамандары батальон қызметкерлерінен бөлек, тиісті қадағалау жасамағаны және бөлімшеде тәрбие жұмысын нашар жүргізгені үшін олардың командирлерінің де жазаланғанын айтты. Еске сала кетейік, автокөлікте ұйықтап жатқан полицейлердің видеосы "Оса" қоғамдық бірлестігінің YouTube-тегі арнасында 7 қыркүйек күні жарияланған болатын. Кадрлардан тал түсте полицей формасын киген екі адамның көліктің артқы орындығында қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқанын көруге болады. Бейнежазба авторы полицейлердің бірінің погоны жоқ екенін, екіншісінің белінде табельдік қару салынған қап барын айтады. Ұйықтаған полицейлерді ояту мүмкін болмаған.
Дереккөз: tengrinews.kz