©zaokvant.ruМаңғыстау облысында жоғалған радиоактивті цезий Қызылорда облысынан табылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қазақстан Ішкі істер министрлігінің (ІІМ) баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің хабарлауынша, қыркүйектің 5-інен 6-сына қараған түні Қызылорда қаласының тұрғыны белгісіз азаматтың "КамАЗ" жүк көлігімен Маңғыстау облысында жоғалған цезийді тасымалдап бара жатқандығын айтқан.
Ақпарат алынған сәттен бастап тез арада Қызылордалық және жақын маңдағы облыстардың жеке құрамына автокөлікті тоқтату бойынша хабарлама таратылған. "Полиция органдарының жедел жұмыстарының нәтижесінде түнгі сағат екіде Қызылорда облысының Шиелі ауданына қарасты Бәйгеқұм ауылына кіреберіс бұрылыста "КамАЗ" жүк көлігі жүргізушісімен және жолаушысымен ұсталды, көліктен жоғалған капсулалар табылды", - делінген ҚР ІІМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Қазіргі уақытта жүргізуші мен жолаушы Шиелі аудандық ішкі істер бөліміне жеткізіліп, тексеріс жұмыстары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, Цезий-137 ракиоактиві салынған контейнерді Оралдан Ақтауға тасымалдау үшін "КамАЗ-ға" тиелген болатын. Ол Маңғыстау ауданындағы Сай-Өтес және Шетпе кенттері аралығында жоғалған. Полицияның дерегінше, контейнердің биіктігі - 30 сантиметр, ал диаметрі - 20 сантиметр.
Дереккөз: tengrinews.kz