Серік Ахметов.АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Қорғаныс министрі Серік Ахметов Ұлттық қорғаныс университетін аралап, әскери оқу орнының тыңдаушылары мен оқытушылық құрамының алдында сөз сөйледі, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметінен.
Министр университет ұжымын жаңа оқу жылымен құттықтай отырып, Қарулы Күштерді жетілдіру саласының жаңа талаптарын орындауға бағытталған әскери білім міндеттеріне тоқталды.
Министр «әскери қатынасы жағынан дайындығы жоғары кадрлар мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі шешуші фактор» деп атай отырып, «қазақстандық офицер мемлекеттік тұрғыдан ойлау қабілетіне ие болуы, сондай-ақ жан-жақтылығымен және мықты даярлығымен ерекшеленуі тиіс», - деді.
«Бірінші Президент - Ұлт көбасшысының атын иеленген университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы сапалы әскери біліммен қамтамасыз ететін үлгілі оқу орны болуы керек», - деп пайымдайды Министр.
Әскери оқу орнынының тыңдаушыларына «мемлекеттің оқу үшін бөлген уақытын тиімді пайдалану керектігін» жеткізді. Сонымен қатар, «өздігімен жұмыс жасай білу қабілетінің ерекше маңыздылығына, оқуға атүсті қараудан арылу» керектігіне назар аударды.
«Мұнда жалқауларға орын жоқ», - деп баса айтты С.Ахметов.
Қорғаныс министрі «барлық магистрлік және докторлық диссертациялар армияда орын алған мәселелерді шешуге, нақты және негізді ұсыныстар енгізуге негізделуі тиіс», деп есептейді.
Министр университеттің алдында тұрған міндеттер қатарында «әлемдік әскери ғылымның әлеуетін тиімді пайдалану, оны ҚР Қарулы Күштерінің қызметі жүйесіне бейімдеу керектігін» атады.
«ҰҚУ әскери білім мен әскери ғылымның ведомствоаралық орталығына айналуы тиіс», - деді С.Ахметов.
Тыңдаушылар мен оқытушылардың сауалдарына жауап бере отырып, министр Қарулы күштерді одан әрі жетілдіру, армияны заманауи қару-жарақпен және әскери техникамен қамтамасыз ету, ғылыми және командалық кадрларды даярлауды жетілдіру, әскери қызметшілердің әлеуметтік қамсыздануына көңіл бөлу және жастардың әскери-патриоттық тәрбиесіне жіті назар аудару мәселелеріне ерекше тоқталып өтті.
Дереккөз: inform.kz