Қазақстан Парламенті Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев Владимир Путиннің қазақ мемлекеттілігі туралы пікіріне қатысты ойын білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Мен Қазақстан аумағында мемлекеттілік болған жоқ деп айтуды дұрыс емес деп ойлаймын. Мүмкін бұл Ресей мемлекеті басшысының мәлімдемесі мәтінінен жұлынып алынған сөз шығар, мүмкін бұл дайындалған мәлімдеме емес, экспромт шығар. Бірақ Қазақстан аумағында мемлекеттілік болған жоқ деп айту, меніңше, дұрыс емес", - деді Әшімбаев журналистерге Мемлекет басшысының қатысқан Парламент палаталарының бірлескен отырысы басталмас бұрын.
"Біздің аумақта ғасырлардан бері мемлекеттілік болғанын бәріміз білеміз. Біздің мемлекеттілігіміздің тамыры біздің аумақта құрылған Ұлы Түркі қағанаты дәуірінен басталатын болар. Кейін біз Алтын орданың бір бөлігі болдық, одан кейін Қазақ хандығы дәуірі басталды - мұның бәрі Қазақстан аумағында мемлекеттіліктің қалыптасу тарихы. Сондықтан Қазақстан аумағында мемлекеттілік болған жоқ деген пікірмен келісуге болмайды", - деді депутат.
Ол бұл жайтты дабыра қылмау керектігін де айтты. "Украинадағы ахуалға байланысты қазір саяси жағдай ушығып тұр. Бұл жерде кейбір сөздер контекстен жұлынып алынған болуы керек", - деді ол.
Әшімбаев Мемлекет басшысының "егер Тәуелсіздікке нұқсан келетін болса, Қазақстанның ықпалдастық ұйымынан шығуы мүмкін" деген пікірін де түсіндіре кетті.
"Әңгіме Украинадағы нақты оқиғаларға байланысты Кеден одағынан шығу туралы болған жоқ. Әңгіме Қазақстанның халықаралық ұйымдардан, біз қол қойған келісімдерден кез келген уақытта шығуға мүмкіндігі бар екені туралы болды. Әңгіме егер Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі уағдаластықтар орындалмайтын болса, егер қандай да бір факторлар біздің қауіпсіздігімізге, біздің ұлттық мүддемізге әсер ететін болса, онда Қазақстанның одан шыға алатыны туралы болды. Президент осы туралы айтты", - деді Әшімбаев.
Ол Қазақстанның бұл одақтан шығуға әрекеттеніп жатпағанын айтты.
Соңғы күндері ресейлік және украиналық ақпарат құралдарында, сондай-ақ әлеуметтік желілерде "Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақтан шығу мүмкіндігі туралы пікірін Путиннің "Селигер-2014" жастар форумындағы сөзіне жауап ретінде айтты" деген жаңсақ ақпарат тарап жатыр. Атап айтқанда, Путиннің "Назарбаев ешқашан мемлекеттілік болмаған аумақта мемлекет құрды" деген пікірі келтіріледі. Шындығында, Путиннің "Селигер-2014" форумында 29 тамыз күні сөз сөйлесе, Назарбаев "Хабар" арнасына одан бұрын - 24 тамыз күні сұхбат берген болатын.
Дереккөз: tengrinews.kz