АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстанда аз байытылған уранның халықаралық банкін құру мәселесі талқыланды. Брифингке ҚР Сыртқы істер министрлігінің Айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі Барлыбай Садықов қатысты.
Оның атап көрсеткеніндей аталмыш банктің құрылуы - әлемде бейбіт атом энергетикасының дамуына ғана емес, жаппай қырып-жою қаруын таратпау және одан азат ету режімін нығайтуға да үлкен серпін бермек. Банк уранды байыту қуаттарын құрмаған елдерге уран тапшылығын сезінбеуге, оқыстан уран жеткізілімі тоқтатылған кезде қамтамасыз етуге мүмкіндік жасайды.
«Оларға уран байытудың толық циклді өндірісін жасау керек емес болады. Осылайша ядролық технологиялардың әлдекімдердің қолына таралып кетуінен сақтайды», - деді Б.Садықов.
Банк орналастырылатын жер де таңдалғаны белгілі, ол - Үлбі металлургиялық зауыты аумағында салынады. Үлбі металлургиялық зауыты жақсы қорғалған және уранмен 60 жыл бойы жұмыс жасап келеді. Қазақстан инфрақұрылымның дамуына, жоғары білікті мамандармен қамтамасыз етуге және сенімді қорғау жүйелерін орнатуға жауап беретін болады.
«Сонымен бірге МАГАТЭ - өздері құрған нысандарда қорғаныстың ең сенімді стандарттарын енгізген өте беделді халықаралық ұйым», - деді дипломат.
Жаңа нысандар зауыт аумағында салынбайды, себебі қазірдің өзінде қажетті қоймалар қолда бар. Дегенмен банкті құруға біршама қаражат қажет. Мәселен, АҚШ пен Ядролық қауіптің алдын алу америкалық қоры 50 млн. доллардан қаржы бөлуде. БАӘ мен Кувейт - 10 млн. доллардан, Норвегия 5 млн. доллар салып отыр. Қазақстан тарапы қаражат салмайды, тек уран гексофторидін сақтауға арналған 60 цилиндрлі қойманы пайдалануға береді.
«Ешқандай қауіп жоқ одан. Экологиялық қауіпсіздікті тәжірибелі зауыт қамтамасыз етпек. Террористер үшін бұл нысан қызықты емес. Қазіргі уақытта МАГАТЭ хатшылығымен аталмыш банкті орналастыру жөнінде келіссөздер өтуде. Қазақстан делегациясы құрамына шамамен 10 министрлік кірген. Сондықтан Қазақстан мүддесі мұнда толығымен қорғалатын болады», - деп атап өтті ол.
Дереккөз: inform.kz